Қазақстанда жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын субсидиялау артады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидасына тағамдық жұмыртқаны субсидиялауды қосу туралы өзгеріс пен толықтыру енгізілді.
Қағидалар 2022 жылдың 30 маусымында ресми жарияланғаннан кейін, 10 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Осылайша, отандық жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары 1 шілдеден бастап, бір жұмыртқа үшін 3 теңге мөлшерінде субсидия алуға өтінім бере алады.
«Биыл тағамдық жұмыртқаны субсидиялауға республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлінді. 2021 жылы жұмыртқа құс шаруашылығын қолдауға 4,3 млрд теңге бағытталды. 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанда құстардың саны 3,7% - 47,1 миллион басқа дейін өсті. Тауық жұмыртқасының өндірісі 12,1% артып, 1559,5 млн дананы құрады», - делінген министрлік ақпаратында.
Ішкі нарықтың тағамдық жұмыртқамен қамтамасыз етілуі 100% құрайды.