10 тамыз — қазақтың ұлы ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, ағартушы, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының күні. Алматыда мерекелік датаға орай 7-11 тамыз аралығында кітап көрмелері, Абай оқулары, байқаулар мен викториналар, семинарлар мен тренингтер, шахмат турнирі, сондай-ақ «Абай әлемі» концерт-спектаклі сынды бірқатар іс-шара өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
9 тамызда сағат 9:00-де Республика сарайының алдындағы Абай ескерткішіне гүл қою рәсімі өтеді. Одан кейін ұлы ойшылдың шығармашылығына арналған «Адамзаттың Абайы» мүшайрасы жоспарланған. Оған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Мәжіліс депутаттары, жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен қала қонақтары қатысады. Сонымен қатар Абай алаңында кітаптар мен этноөнімдер жәрмеңкесі ұйымдастырылады.
Абайдың туған күні, 10 тамызда сағат 16:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Абай әлемі» концерт-спектаклі өтеді. Режиссер Фархад Молдағалидің жетекшілігімен Болат Әбділманов, Ерлан Біләл, Нүркен Өтеуіл сынды танымал актерлер өнер көрсетеді. Олар ұлы ақынның өмір жолы туралы қойылым көрсетіп, Абай шығармашылығындағы жаһандық тақырыптарды қозғайды. Сонымен қатар, концертке «Музарт» тобы, Ерден Жақсыбек, IL Canto тобы, Steppe Sons тобы, Ернар Амандық және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының хоры қатысады.
Апта бойы қаланың барлық дерлік білім беру орталықтары мен кітапханаларында Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу бойынша байқаулары өтеді. Түрксіб ауданындағы комьюнити орталығында «Абай Chess» шахмат турнирі өтеді.
Қала тұрғындарының арасында «Абай Құнанбайұлы туралы не білеміз?» атты блиц-сауалнама жүргізіледі. Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты сұрақтарға дұрыс жауап берген азаматтарға сыйлық беріледі.
Оқи отырыңыз: Қытай тауарларының көрмесі: Алматыда 100-ге жуық компания өз тауарларын таныстырады