Бүгін мұсылмандар үшін ұлық мейрам – Ораза айттың алғашқы күні. Күллі мұсылман қауым асыға күтетін мерекемен ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңертең 7 мыңнан астам алматылық Айт намазын оқыды. Намаздан кейін мешіттің ауласында ұлттық ойындардан жарыс өтті. Бірі кір тасын көтеріп білек күшін көрсетсе, енді бірі асық атып мергендігімен көзге түсті. Сондай-ақ ол жерде арқан тартыс та ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
«Ұлттық дәстүрімізді, құндылықтарымызды, тарихымызды насихаттау мақсатында таң намазынан бері мешітте осындай шаралар ұйымдастырып отырмыз. Тіпті, мешіттің айналасында барынша мерекені сезіндірейік деп бауырсақ таратылып та жатыр. Мерекелік шаралар тек қана біздің Орталық мешітте ғана емес, қаланың барлық мешіттерінің жанында өткізіліп жатыр», – деді Алматы қаласы Орталық мешіттің бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.