Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, Екібастұзда зардап шеккен барлық үйлерге жылу берілді, деп хабарлайды Almaty.tv inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел штаб басшысы – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, 7 желтоқсан, сағат 08:00-дегі жағдай бойынша зардап шеккен барлық үйге жылу берілді. Желілік судың параметрлері: қысымы 8,8 кг/см2, түзу бағытта 83 градус, түзу және кері бағытта 56 градусты құрайды.
«Энергия көзі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Екібастұз ЖЭО қаладағы жылуды қалпына келтіру бойынша қажетті барлық жұмысты атқарып жатыр. Алайда, өкінішке қарай, соңғы күндері орын алған оқиғалардың салдарынан болған гидравликалық режимнің баланстан ауытқуы, соның ішінде тұтынушылар мен ПИК-тердің жылу тасымалдағыштағы суды рұқсатсыз ағызуы бұл жұмысты қиындатып отыр.
Барлық тұрғындарға шыдамдылық танытқаны үшін алғыс білдіреміз және алдағы 2-3 күнде бірлескен күш-жігердің арқасында жылумен қамту толығымен қалпына келеді деп ойлаймыз», - делінген жедел штаб мәліметінде.
Еске сала кетсек, Екібастұзда небәрі 689 көпқабатты үй бар. Жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына 851 адам жұмылдырылған.