4 миллион теңге Алматы түбіндегі ұшақ апатынан мерт болғандардың отбасыларына ғана беріледі. Үкімет отырысынан кейін кулуарда еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осындай мәлімдеме жасады. Министрдің сөзінше, компенсациялар жақын күндері тиісті шоттарға аударылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Үкімет 4 миллион теңгеден бөлу шешімін шығарды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сәйкесінше қаулы жетілдірді. Қазір біз сол үшін дауыс бердік. Бұл қаражат жақындарынан айырылған отбасылардың шоттарына аударылады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.
Ал, апаттан зардап шеккендерге қандай да бір өтемақы бөлу мәселесін жергілікті атқарушы органдар шешуі керек деді министр. Себебі Үкімет тек көз жұмған азаматтардың отбасыларына қатысты ұйғарым жасап отыр.
«Зардап шеккендер бойынша айтар болсам, оларға қандай да бір материалдық көмекті тағайындау мәселесін жергілікті билік органдары шешуі қажет. Бұл жерде апат орын алған аумақты ескерсек, Алматы қаласы және Алматы облысының әкімдіктері», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.