Қазақстандық үш көлік жүргізуші Польша шекарасынан өтті

© Sputnik / Владислав Воднев
© Sputnik / Владислав Воднев
Қазіргі кезде 36 көлік жүргізуші Украина аумағында қалып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Украина аумағында жүк көлігімен алысқа қатынайтын 36 қазақстандық көлік жүргізуші қалды, 19-ы елден шығып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Атамекен" кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Ұлттық палата Украинадағы жағдайдың салдарынан сол елде қалып қойған көлік жүргізушілерінен мәлімет жинады. Осы уақытқа дейін 55 жүргізуші көмек сұрап хабарласты. Соның 19-ына көмек көрсетілді.

Үшеуі Польша шекарасынан өтсе, 8 жүргізуші Троебортное өткізу бекеті арқылы Ресей аумағына жетті. Тағы 8 жүк көлігі Молдавияға өтті, соның ішінде 4 жүргізуші – Түркия азаматы. Олар Украина және Молдавия шекарасы арасындағы бейтарап аймақта тұр.

"Қазіргі кезде қазақстандық тарап Польшаның инфрақұрылым және даму министрлігінен ресми хат алды. Бізге ресми жауап берілді және отандастарымыз – жүк көліктерінің жүргізушілеріне ПТР-тест, визасыз шекарадан өтуге мүмкіндік берілді. Қалған отандастарымыз да Польша және басқа елдер арқылы елге аман-есен оралуы үшін бұл жұмысты жалғастырамыз", – деді "Атамекен" ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Мұрат Амрин.

Ұлттық палата Украинадағы жағдайға байланысты жедел чат ашып, онда жүргізушілер 24/7 режимде өзінің орналасқан жері, жергілікті жағдай және ықтимал маршруттар туралы ақпарат беріп жатыр.

Қазіргі кезде 36 көлік жүргізуші Украина аумағында қалып отыр.

Новости партнеров