Қарбыздан мол өнім алынады деп жоспарлануда
Жетісайлық диқандар алғашқы өнімді Ресейге экспорттап жатыр. Аудан аумағындағы 4 мың гектар жерге қарбыз еккен шаруалар биыл мол өнім алуды жоспарлауда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Жетісай әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атамекен ауылдық округіндегі шаруа қожалығы 9 гектар егістікке 20 жылдан бері бақша дақылдарын егіп келеді.
2024 жылы диқандар қарбыздың ерекше күтімді қажет ететін «Виктория» сортын сәуір айының басында еккен. Қажетті агротехникалық шаралардың дер кезінде жасалуының нәтижесінде пісіп жетілген қарбыздан мол өнім алынады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ ағын суды үнемдеу мақсатында енгізілген тамшылатып суғару әдісі өнімнің артуына да септігін тигізіп отыр.
- Алғашқы өнімді Ресейге жіберіп жатырмыз. Кейін сұранысқа қарай өзге де өңірлерге жөнелтеміз. Жылдағыдан шығын көп болғанымен бағасы да жоғары болып тұр. Қазір келісін 150-170 теңге аралығында сатып жатырмыз. Тамшылатып суғару әдісін қолданатындықтан ағын судан, минералды тыңайтқыштардан қиындық көрмедік. Өнімділік те ойдағыдай, - деді шаруа қожалық төрағасы Асан Мубинов.
Жетісайлық шаруалар биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,8 мың гектарына мақта шитін сепсе, 20,1 мың гектар жерге бақша, 7,2 мың гектар жерге дәндік жүгері, 3,3 мың га жерге көкөніс пен 6,3 мың гектар жерге жоңышқа дақылын еккен.
- Аудандағы 20,1 мың гектарға егілген бақша дақылдарының 4 мың гектары қарбыз. Биыл 600 мың тоннадан астам бақша өнімдері жиналады деп жоспарланып отыр. Былтыр да бақша дақылдарынан жоғары деңгейде өнім алынып, облыста үздіктердің қатарынан көрінгенбіз, - деді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның қай облыстарында құрғақшылық болуы мүмкін