Сонымен бірге ол әнұран, мемлекеттік ту мен елтаңбаны қашан және қалай қолдану керектігі мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық заңмен белгіленгендігін еске салды
Жыл сайын 4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, ҚБТУ профессоры Арман Жұмаділ мемлекеттік рәміздердің қалыптасуы мен тарихи маңызы туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сонымен бірге ол әнұран, мемлекеттік ту мен елтаңбаны қашан және қалай қолдану керектігі мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық заңмен белгіленгендігін еске салды.
«Әр елдің мемлекеттік рәміздерінде халықтың арманы, мұрасы, мақтанышы мен құндылықтары бейнеленуі керек. Қазақстан Республикасының рәміздерінің тамыры тереңде. Елтаңбамызға, Туымызға қарасаңыз, барлық рәміздер тарих қойнауынан бізге жеткен тарихи жәдігерлер мен әлемдік білімнің құндылықтары негізінде жасалған. Сондықтан да олар халқымызға қымбат», – дейді А. Жұмаділ.
Профессор атап өткендей, тарихи-этникалық үдерістердің сабақтастығының белгілері еліміздің басты рәміздерінің бірі – туда айқын көрінеді.
«Мемлекеттік ту – ұлттық рәміздердің бірі. Ал туды ұстаған бірінші адамның бейнесі бірқатар петроглифтерде бейнеленген. Бұл - ту ұстап, атқа қонған адамның бейнесі. Тулардың түрлері әртүрлі болғанымен, мағынасы мен қызметі бірдей. Бұл – бабалар рухы мен қайрат-жігерін, ұлы істері мен жеңістерін бойына сіңірген асыл бұйым. Бүгінде желбіреген көк ту – ата-бабамыз табынған көк аспанның түсі. Ал тудағы Күн Есік қорғанынан табылған Алтын адамның бас киімінде өрілген өрнек ретінде бейнеленген. Ал Күлтегіннің бас киіміндегі самұрық қыран құс бейнесінде. Дәл осындай самұрық бейнесінің кейіннен Алтын Орданың мемлекеттік елтаңбасы ретінде қабылдануы қазақ жеріндегі этникалық үдерістердің сабақтастығының дәлелі», – деді спикер.
Тарихшы елтаңбаға қатысты ойын білдіріп, мұнда да сабақтастықтың айқын белгілері бар екенін айтты. Оның айтуынша, Елтаңбадағы белгілер халықтың тарихи жәдігерлері мен құндылықтарын бейнелейді.
«Шаңырақ – бүкіл көшпелілер өркениетінің символы. Ал Шаңырақтың екі жағындағы аңыздағы қанатты пырақтардың бейнесі ойдан шығарылмаған, ол да тарихи жәдігер. Алтын адамның бас киімінде айқыш тәрізді таңба – күннің белгісі, ал оның астында бейнеленген қанатты аттар - мәңгіліктің белгісі. Олардың екі жаққа да қарауы шексіздікті білдіреді. «Мәңгілік ел» идеясы түркі жазба ескерткіштерінде көрініс тапқан», – дейді ол.
Профессор Қазақстан әнұраны бірнеше рет өзгертілгнін еске салды. Сонымен бірге ол қазіргі әнұранның әуеніне шетелдіктер тәнті екенін атап өтті.
«Ән – халықтың жаны. Заман өзгереді, күй өзгереді. Әнұранның идеясы да осылай өзгереді. Кеңес дәуіріндегі Қазақстанның әнұраны естеріңізде шығар. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін әнұранды өзгерттік. Оның сөзі «Алтын күн аспаны» деп басталады. Оның авторлары – Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов. Оның мәтінін есте сақтау оңай, айбынды әрі әуезді. Геннадий Головкиннің кезекті кездесуінің бірінде жекпе-жек басталмай тұрып, Димаш Құдайбергенов әнұранымызды шырқағанын есімізге түсірейікші. Шетелдіктер сүйсініп, сөздерін түсінбесе де, «Қандай әнұран! Рухты шабыттандырады» деген жағымды пікірлер қалдырды. Әрине, мұндай нәрселер мақтаныш сезімін тудырады », – деп бөлісті ол.
Мемлекеттік рәміздер күні сияқты мерекелер Қазақстан халқының бірлігі мен біртұтастығының қалыптасуына ықпал етеді, деп түйіндеді баяндамашы.
Оқи отырыңыз: Рәміздердегі түрлі нышанның өзіндік мәні бар – тарихшы Арман Жұмаділ