|
05.09.2022 | 09:40
863

А. Байтұрсынұлы музей-үйіне ағылшын, орыс тілін білетін гидтер жұмысқа алынады

Ұлттың Ұлы ұстазының 150 жылдығы қарсаңында музей-үйі Алматы қаласы әкімінің қаулысымен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» құрамына енді

А. Байтұрсынұлы музей-үйіне ағылшын, орыс тілін білетін гидтер жұмысқа алынады Фото: музей мұрағатынан

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне ағылшын және орыс тілін білетін гидтер жұмысқа алынады. Бұл туралы «Таңғы Studio» бағдарламасында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, ақын Айбек Ережеп айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі күрделі жөндеу үстінде. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына бір-бір жарым ай уақыт болды. Музей толық жаңалады, жабдықталады. Тұғыры, сөрелері жаңалады. Жаңа экспонаттар қойылуы мүмкін. Аудиогид орнатылып жатыр. Стамбул музейлеріндегідей  жаңа технологиялар қойылуда. Ағылшын және орыс тілін білетін гидтер жұмысқа алынып жатыр. Қыркүйек айының соңы немесе келер айдың басында музей-үй келушілерге есігін айқара ашады. Ұлт ұстазының бүгінгі туған күніне үлгермеу себебі – жобалау, зерттеу жұмыстары біраз уақыт алды. Бұл өте ескі ғимарат. XX ғасырдың басы, XIX ғасырдың соңында салынған деп есептелінеді. Нақты қай жылы салынғаны белгісіз. Ахмет атамыз осы үйде 4-5 жыл тұрған», – деді Айбек Ережеп.  

Ұлттың Ұлы ұстазының 150 жылдығы қарсаңында музей-үйі Алматы қаласы әкімінің қаулысымен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» құрамына енді.

Музей-үйдің қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық ресми құжаттар, 300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған түпнұсқалар. Тарихи тұлға тұтынған мүліктер: жазу машинкасы, мөртабан, қаламсап, қол шемодан, самаурын, жезтабақ, сандық қойылған. Қорда ғалымның өз тұсында жарық көрген еңбектерінің түпнұсқалары: «Қырық мысал», «Маса», «Оқу құралы» 3 кітап; «Тіл – құрал» 3 кітап; «Баяншы», «Әліпби» әліппе, «Ер Сайын», «Әліппе астар», «Сауаташқыш», «23 жоқтау», «Әдебиет танытқыш», «Тіл жұмсар» (2 бөлім) атты кітаптарының көшірмелері жасақталған. Жалпы, осы кітаптардың әр жылдары жарық көрген сандарымен қоса есептесек, 17 туындысы 56 рет басылым көрген. Бұл кітаптардың түпнұсқалары Республикалық Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде тіркелген әрі сақталған.                  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир