Талдықорған облыстық ауруханасында емделген әйелдің туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуларынша, оған басқа қан құйылып, салдарынан арада бір ай өткеннен кейін көз жұмған.
Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Талдықорғанда облыстық ауруханада дәрігерлер науқасқа басқа топтың қанын құйып жатқанын білмеген. Олар әйелдің қанын тексергенде 4-топты көрсетті, сол топ бойынша құйдық деп ақталып отыр. Ал шын мәнісінде науқастың қан тобы 4-емес, 3-топ болып шыққан. Ал гемоглабині 50 болып тұрған науқасқа басқа топтың қанын аурухананың дәрігерлері 4 рет құйған.
«Екі рет құйғанда екі бүйрегі істен шыққан, пневмония болған. 3, 4-рет құйғаннан кейін жағдайы мүлде нашарлаған. 4 рет құйып тастағаннан кейін қан тобын анықтаған», – дейді марқұмның қызы Қарлығаш Қайыпбекова.
Ең сорақысы, дәрігерлер науқасқа басқа топтағы қан құйылғаны туралы тіс жармаған. Айналасы бір айдың ішінде Анархан Қырғызбаеваға 3-топтың да, 4-топтың да қанын құйып тастаған.
«Қан тобын дұрыс анықтамағанымызды мойындап отырмыз. Сонымен қатар ауыр дерт болғаннан кейін, оны сүйіншілеп айтпаймыз ғой. Үшінші, төртінші рет қан құйылғаннан кейін бұл ауруды тездетіп жіберді деп айтуға болады», – дейді Алматы облыстық аурухананың бас дәрігері Мұрат Рахметов.
Ал науқастың қан ауруына шалдыққанын біле тұра облыстық аурухананың дәрігерлері бірден қан тобын дұрыстап анықтамады, деп кінәлайды анасынан айрылған қызы.
«Қан ауруы екенін біле тұра терең зерттеуі қажет еді. Мен дәрігер емеспін. Десе де терең зерттеген жағдайда, қан тобы 3-інші екені анықталады. Өкпесі, бүйрегі, барлық ағзасы істен шыққанша қинады. Анам солай өлді», – дейді марқұмның қызы.
Қарлығаш Қайыпбекованың сөзінше, дәрігерлер жалған құжатты да жасап үлгерген. Анасын жер қойнына тапсырған балалары ендігі прокуратураға, тиісті мекемелерге шағымданып үлгерді. Қайғыдан қан жұтқан отбасы еліміздің Бас прокуратурасы дәл осы істі бақылауына алса дейді.