Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинағын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады
Қазақстандық 6 млн 900 мыңнан астам балаға Ұлттық қордан алғашқы төлем түсті. Қаржы 18 жасқа толмаған ел азаматтарының жеке шотына аударылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстандық әр ата-ана үшін ақпан ақжолтай жаңалықпен басталды. Кеше кештен бері бұқара балаларының жеке шотын тексеріп әлек. Белгіленген сома біріне түссе, енді біріне қаражат жетпей қалған. Жағдайды министрлік өкілдері базадағы техникалық ақау деп түсіндірді.
– 2022 жылғы 1 қарашада Президент бастама көтеріп, тапсырма берді. Сол кездегі есептеу кезінде еліміздегі балалардың саны 6 млн 400 мың болатын. Бүгінде олардың саны – 6 млн 917 мың. Осы есептеуге сәйкес, бүгінде бөлініп жатқан қаражаттың сомасы – 695 млн доллар. Осы сома 6 млн 919 мың 131 балаға бөлініп отыр. О баста 150-160 доллар болады деп болжанған. Бірақ қазір тәртіп өзгерді, – деді ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.
Ел бойынша ақша 6 млн 900 мыңнан астам балаға жіберілген. 18 жасқа дейінгі әр азаматтың арнайы шотына 100 доллардан қаржы түсіп үлгерген. Оның нақты соммасын әр ата-ана kids.enpf.kz сайтынан біле алады.
Айта кететін бір жайт, бала кәмелетке толғанға дейін жинақтағы қаражатты пайдалана алмайды. Одан кейін тұрмыстық жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсауына болады.
– Осы жаңа Қазақстанның табысы деп отырмын. Менің балаларымның бәрі үлкен. Немерелерім алып жатыр. Тексерген шығар деп ойлаймын. Сондықтан оған ешқандай да күмән жоқ. Солай болуы керек, – деді қала тұрғыны Сертай Бітебаев.
– Жақсы бастама. Балалардың оқуына төлейміз, көмек болады деп ойлаймын, – деді қала тұрғыны Манас Ғаббасов.
Ұлттық қордан берілетін бұл қаражатқа салық салынбайды. Бағдарламаға қатысу үшін де әр балаға есепшот ашу талап етілмейді. Құжат тасып, әкімдік табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Қолдау қаржысы әр қатысушыға автоматты түрде жіберіліп отырады. Ақшаны мерзімінен бұрын алуға болмайды. Ол белгілі кезеңге дейін доллармен сақталады.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматылық оқушылар Үндістанда өткен робототехника чемпионатынан жүлделі оралды