Эвакуацияға дайын болыңыз

04.04.2024 14:48

Қостанайлықтарға ескерту айтылды

elements.envato.com

Қостанайдағы су тасқынына қарсы жедел штаб қала тұрғындарына эвакуация болуы мүмкін екенін ескертті. Қазіргі таңда Тобыл өзенінде су деңгейінің көтерілуі байқалады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі "Костанайские новости" басылымына сілтеме жасап.

 Әкімдікке сілтеме жасаған басылым мәліметінше, өзендегі су деңгейі күн сайын көтеріліп жатыр. Ведомство мәліметінше, өзендегі су деңгейі күрт көтерілген жағдайда Колесный ряд ауданын (Пионерская, Красный Кузнец, Тобольская, Юный Боец, Дачная көшелері) су басу қаупі бар. 

Сонымен қатар өзен жағасында орналасқан кәсіпкерлік нысандарды су басу қаупі бар.

- Осыған байланысты саяжай тұрғындары эвакуацияға дайын болуы керек және үлкен кісілер мен қозғалысы шектеулі адамдар мен балаларды назардан тыс қалдырмау керек. Жеке құжаттар, ақша және басқа да керек заттарды алдын ала дайындауды ұсынамыз. Тұрғындардан үрейленбеуді, Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына сәйкес әрекет етуді сұраймыз, - делінген әкімдік хабарламасында. 

Ведомство өкілдері қажет болған жағдайда тұрғындарға 112 немесе 109 телефон нөмірлеріне хабарласу керегін айтты.

Оқи отырыңыз: Орал қаласының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді