Қазақстанның Батыс өңірінде су тасқынына байланысты жағдай әлі де күрделі. Орал қаласының жүздеген тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тасқын болып жатқан өңірлерге барып, жағдайды көзіммен көрдім деген мәжілісмен Мақсат Толықбай былтыр ғана AMANAT партиясы Қобда ауданында суға кеткен үйлерді салып бергенін еске түсіріп, сол баспаналар биыл да түгі қалмай судың астында қалғанын айтты. Сондықтан депутат Қазақстандағы барлық өзендер жағасының ерекше су қорғау аймағын 4 шақырымға дейін ұзарту керек екенін алға тартты. Ол қар мен жаңбыр суы қосылғанда трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасауды ұсынды.
– Өзен, көлге жақын орналасқан елдімекендерді қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету керек. Төртіншіден, гидротехник инженер мамандар дайындауға көңіл бөлу қажет. Бесіншіден, биыл төтенше жағдай жарияланған жердегі барлық ауылшаруашылық несиесін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастырған жөн, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай.
Айта кетейік, су тасқынынан зардап шеккендерге 26 миллиард теңге бөлінеді. Елдің Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айутынша, бұл ақша әкімдіктердің бюджетінен қарастырылған.
Еске салайык, Құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бұған дейін су басып қалған үйлердің құрылысына 22 миллион теңгеден жұмсалатынын айтқан.
Оқи отырыңыз: Көкшетауда су тасқынынан мүлкіне зиян келген 65 адамнан өтініш түсті