15 наурыздан бастап «Медеу» мұзайдыны жанындағы көлік тұрағы ақылы болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы Aparking компаниясы мәлімдеді.
Автотұрақ 191 көлікке арналған. Келушілер бір сағат үшін 100 теңге төлейді. Ол тәулік бойы жұмыс істейді.
«Демалыс күндері "Медеуге» баратын жүргізушілер ыңғайсыздыққа тап болып жатады. Автотұрақта орын жетпеді, кешенге кіреберістер қоқысқа толды. Автокөлік иелеріне толық жабдықталған автотұрақтың пайда болуы жеке көлік құралдарын пайдалану кезінде ыңғайлы болады, сонымен бірге тұрақ ережесін бұзатындар азаяды», – деп түсіндірді компаниядағылар.
Автотұрақта қоршаулар, шлагбаум, халықаралық стандарттарға сәйкес белгілер бар. Автотұрақ ақысын паркомат көмегімен немесе онлайн-төлемнің барлық түрі – «Алматы тұрақтары» қолданбасы, мобайл банкинг, QIWI терминалдары және SMS арқылы төлеуге болады.