Стратегиялық тауар бағасының өзгеруі бекітілген тарифтің қайта қаралауына негіз бола алады
Биыл еліміздегі коммуналдық қызметтер тарифінің болжамды өсімі өңірлерге және реттелетін қызметтер түріне байланысты 10-20 пайызды құрамақ. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінен мәлім етті, деп хабаралайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүкіл елдегі коммуналдық желінің тозығы жетіп тұрғанына ешкім де шәк келтіре алмайды. Ал инфрақұрылымды қалыпқа келтіру үшін бірнеше жыл мен жүздеген млрд теңге қаражаттың қажет екендігі де сөзсіз. Өткен жылы республикада «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаға сәйкес, 2029 жылға дейін 61,9 мың шақырым инженерлік желіне жаңғыртуға шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Жоспар нақты жүзеге асқан жағдайда коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 20 пайызға төмендетіп, нормативтік жағдайға дейін жеткізуге мүмкіндік туар еді.
Комитет те бүкіл еліміздегі тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық инфрақұрылымының қазіргі жай-күйі отандастарымызды жылумен, электр энергиясымен, сумен және өркениеттің өзге де игіліктерімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін жаңғыртуды талап ететіндігін жасырмайды. Мұнан бөлек, саладан білік мамандардың кетіп жатқаны байқалады. Олар жалақысы әлде қайда жоғары өзге салаға ауысуға мәжбүр. Ведомство дәл осы проблеманы өзге де мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асыратын жоғарыда аталған бағдарлама есебінен шешуге үміт артады.
«Жүктелген міндеттерді орындау үшін комитет табиғи монополиялар саласындағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізді. Соның негізінде 2023 жылдың өзінде 5,8 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге 267 млрд теңге инвестиция тарттық. Бұл шаралар желілердің тозуын орташа алғанда 3,2 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық саласындағы жұмысшылардың айлық жалақысы орташа есеппен алғанда 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін артты. Тұтынушылар мен кәсіпорындардың мүдде теңгерімін қамтамасыз ету есебінен өткен жылдың қорытындысында коммуналдық қызметтер тарифінің өзгеруі орташа есеппен 15-30 пайыз болды. Бұл ретте халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы тарифтердің өзгеруінен тұрғын үй көмегі тетігі арқылы қорғалған. Яғни, әкімдіктер коммуналдық шығыстардың бір бөлігін өтейді», – деп атап өтеді комитеттен.
Биыл «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы 6,5 мың шақырым инженерлік желіне жаңғырту үшін 336 млрд теңге инвестиция тартуға үміт артылып отыр. Меже орындалса, онда желілердің тозуы тағы да 3 пайызға төмендер еді.
Дегенмен, ведомство тариф деңгейі түрі фактор ескеріле отырып қалыптастырылатындығын алға тартады. Олардың мөлшеріне аталған бағдарламаның жүзеге асырылуы ғана ықпал ете алмайды.
«Табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар нарық салаларындағы барлық реттелетін қызметке тарифтер мен бағаның өзіндік құны көптеген факторды ескере отырып қалыптастырылады. Оның ішінде экономиканың реттелмейтін секторларындағы материалдар мен шикізатқа, шеттегі ұйымдардың тауарлары мен қызметтерге бағаны көтеруі, салық мөлшерлемесі деңгейінің өзгеруі, абоненттер саны, көрсетілетін қызметтердің көлемі, кәсіпорын балансындағы активтердің құны, желілердің ұзақтығы және басқалары бар. Мұнан бөлек, коммуналдық желілердің тозуы, қызметкерлердің жалақысын көтеру қажеттілігі және электр энергиясын өндіруге тарифті арттыру қосымша фактор саналады. Атап айтар болса, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 27 энергия өндіруші ұйым бойынша шекті тарифтердің өсуі 18 пайызды құрады. «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС бірыңғай сатып алушыдан энергияны сатып алу да фарифтің артуына ықпал етеді – өсім 26 пайыз, электр қуаты нарығындағы жүктемені орындауға электр қуатының дайындығын ұстап тұру қызметіне – өсім 73 пайыз, тауарлық газдың көтерме бағасы – өсім 14,6 пайыз, мемлекет реттемейтін өзге де стратегиялық тауарлар (көмір, мазут) құнының артуы», – деп түсіндіреді комитеттен.
Ведомство осы фактордың барлығын ескере отырып, өңірлерге және реттелетін қызмет түрлеріне байланысты тариф өсімі еліміз бойынша 10-20 пайыз болатындығын болжайды.
Комитет табиғи монополия субъектілері қабылдаған міндеттемелерді бақылау есебінен тұтынушылар құқығын қорғау қамтамасыз етілетіндігін және тарифтік реттеудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданатындығын мәлім етті.
Дегенмен, 27 тамыз күні Энергетика министрінің бұйрығымен энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясына арналған шекті тариф өзгеріске ұшыраған болатын.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметіне сәйкес, энергия өндіруші ұйымдардың соңғы тұтынушыға энергияны босату құнының үлесі 61 пайызды құрайды.
«Барлық реттелетін коммуналдық қызметтің, оның ішінде электрмен және жылумен жабдықтаудың тарифтері мен бағалары көптеген факторды ескере отырып қалыптастырылады. Мәселен, түпкілікті тұтынушы, оның ішінде халық үшін электрмен жабдықтау қызметтерінің бағасы энергия өндіруші ұйымдардың босату бағасына (олардың түпкілікті бағадағы үлесі орта есеппен 61 пайыз құрайды), электр энергиясын беруге арналған тарифтерге және энергиямен жабдықтаушы ұйымның жабдықтау үстемесіне (олардың түпкілікті бағадағы үлесі тиісінше 35 және 4 пайыз) сүйене отырып қалыптастырылады. Осылайша, әр кезеңде өзіндік құн қалыптасады. Жылумен жабдықтау қызметтері тарифінің құрылымы өндірістен, беруден, таратудан және жабдықтаудан тұрады. Бұл жағдайда жылу энергиясын өндіруге арналған тарифтің деңгейі стратегиялық тауарды сатып алу шығындарына байланысты, оның құрылымында ол шамамен 60 пайызға жетеді», – деп түсіндірді комитеттен.
Қолданылатын отынның газ, көмір сынды түрлеріне байланысты өңірлердегі жылумен қамту қызметтерінің де тарифінде айырмашылық болады. Стратегиялық тауар бағасының өзгеруі бекітілген тарифтің қайта қаралауына негіз бола алады.
Монополияға қарсы ведомствоның түсіндірмелеріне сүйене отырып, тұтынушылар үшін электр және жылумен жабдықтаудың түпкілікті құнына әсер ететін фактор көп екенін байқауға болады. Яғни, бағалар мен тарифтердің өзгеруі әбден мүмкін. Табиғи монополия субъектілері, мысалы, отын қымбаттаса, шығынға ұшырап жұмыс істеуі екіталай.
Сонымен қатар монополияға қарсы ведомство өтінімдер өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, жеке тәртіппен қаралатынына сендіреді. Тарифтердің шығын бөлігіне реттеліп көрсетілетін қызметтерді өндіруге және ұсынуға тікелей қатысты экономикалық негізделген және құжаттамалық расталған шығындар ғана енгізілетінін атап өтеді.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекітуді тапсырған еді.
«Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды», – деген еді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауына Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керектігін ескертті.
«Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе. Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды», – деді Президент.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында субсидияға бөлінген 1 млрд теңге жымқырылған