Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық және Бәйтерек аудандарында балық қырылғанын растады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
31 шілдеде Батыс Қазақстан облысы әкімдігінен Ақжайық ауданы Орлов ескі арнасында балық қырылғаны туралы ақпарат түскен.
Инспекция бүкіл мүдделі мемлекеттік органдарға (Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар басқармасы, БҚО бойынша экология департаменті, ғылыми-өндірістік орталық) хабарлаған.
«Осы ақпаратты тексеру үшін жоғарыда аталған меморган өкілдерінен тұратын комиссия балық қырылған арнаға жолға шықты. Оқиға орнына келгеннен кейін балықтың қырылуы туралы ақпарат расталды», - дейді мекемеден.
Қырылған балықтың түрі — тұқы. Жалпы салмағы — 21 келі.
Облыстық экология департаменті зертханалық зерттеу үшін судан сынама алды.
Балықтардың қатты ыдырауына байланысты одан сынама алу мүмкін болмады.
«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, санитарлық нормаларды сақтай отырып, қырылған балықты жиналды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Горбунова ауылында да бөлініп қалған жайылма суда балық қырылған.