Балаға қол көтерген тәрбиешінің көмекшісі жұмысқа 5 тамызда тұрса керек
Алматы облысы балабақшаларының бірінде түсірілген видеоның "кейіпкері" хабарсыз кетті.
Әлеуметтік желіде тараған видеода тәрбиешінің көмекшісі бір жарым жасар бүлдіршінді ұйықтату үшін бетін шымшып, итергені анық көрінеді, деп хабарлады astanatv.kz.
Бұл оқиға Іле ауданының Байсерке ауылындағы жекеменшік балабақшада болған. Қазір бұл іспен прокуратура айналысып жатыр.
"Көмекші тәрбиешіні шақырып алып, не болды деп сұрасам: апай, мен ештеңе істеген жоқпын деді. Аман-сау қайтарғанын айтты. Ата-ананың бейнебақылауды көрейік дегеніне қарсы болған жоқпын. Екеуміз бірге отырып көрдік. Көрген кезде жаңағы жағдайды байқадым... Білмеймін енді", - деп түсіндірді "Ниет-ай" балабақшасының меңгерушісі Гүлфариза Қасымбекова.
Бірақ өзге ата-аналар балабақшаны ақтап отыр.
"Бұл меңгеруші үшін ғана емес, барлығымыз үшін сұмдық жағдай. Мен меңгерушіге, өзге тәрбиешілерге қолдау білдіру үшін келдім. Балаға қол көтерген қыз жайлы ештеңе айта алмаймын. Меніңше алда мұндай орталықтарда жұмыс істей алмауы үшін оны дипломынан айыру қажет", - дейді Байсерке ауылының тұрғыны Жанар Қасенова.
Баланы ұрды деген тәрбиеші көмекшісі 5 тамызда балабақшаға жұмысқа тұруға келген. Арада 10 күн өтсе де сынақ мерзімінде жүрген. Меңгеруші оның осыған дейін бірнеше балабақшада қызмет еткенін айтады. Қазір ол байланысқа шықпай отыр, дейді Іле ауданы білім бөлімінің мамандары. Ол бұл әрекеті үшін қоғамдық жұмысқа тартылуы не үлкен көлемде айыппұл төлеуі мүмкін.
"Жекеменшік балабақша болғандықтан біз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Бірақ жеке кәсіпкерге бұндай жағдай қайталанбасын деген ұсыныс берілді. Ол кісіге айыппұл салынады", - деп атап өтті Алматы облысы Іле ауданы білім бөлімінің бас маманы Арайлым Төлеубекова.
Айта кетейік, жекеменшік балабақшаға шағым түспесе, шенеуніктердің оларды тексеруге құқығы жоқ.