Петропавл тұрғындары Түркияға гуманитарлық көмек жөнелтпек

Фото: тігін фабрикасы
Фото: тігін фабрикасы
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінге дейін 400 кг зат жиналды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавл тұрғындары зілзаладан зардап шеккен түркиялықтарға жылу жинап жатыр. Ал жергілікті тігін фабрикасы 2 млн теңгенің киім-кешегін жөнелтпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысының «Біргеміз» волонтерлер фронт-кеңсесі Петропавл тұрғындары әкелген заттарды Достық үйінде қабылдап жатыр.

Негізінен жылы киімдер, аяқ-киім, төсек-орын, күнделікті тұрмысқа қажет заттар, жеке бас гигиенасына арналған бұйымдар қабылданып жатыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінге дейін 400 кг зат жиналды. Бүгін ғана Петропавлдағы колледждердің бірі 4 қап киім-кешек әкелген.

Тұрғындар да қолдан келгенше көмектесіп жатыр, бірі кір жуатын ұнтақ, енді бірі – жөргектер әкелген.

«Жексенбінің кешіне дейін қабылдаймыз. Одан кейін әкелінген заттарды сұрыптап, буып-түйіп, дүйсенбі күні жібереміз. Әкелініп жатқан заттардың бәрі дерлік жаңа, кейбірі қолданыста болса да сапасы өте жақсы», – дейді волонтерлер.

Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге Петропавлдағы «Прогресс» тігін фабрикасы» ЖШС-де гуманитарлық көмек жібермек.

Жалпы құны 2 млн теңгеге бағаланған киім-кешек бүгін Түркия елшілігіне жөнелтіледі.

«Түркия Республикасымен біз ұзақ уақыттан бері достық қарым-қатынастамыз. Ондағы қазіргі жағдай қатты жүрегімізге батты. Сондықтан біз де қол қусырып отыра алмадық. Бүгін балалар мен ересектерге жылы сырт киімдерін және үйінділерде жұмыс істеп жатқан еріктілер мен құтқарушыларға арналған арнайы киімдерді жібереміз. Осы зілзаладан зардап шеккендердің жақыны мен туысына қайғыра көңіл айтамыз», – деді тігін фабрикасының менеджері Динара Төлегенова.

Новости партнеров