1 наурыздан бастап халықтың өмірі қалай өзгереді
Қазақстан халқы 1 наурыздан бастап, бір уақыт белдеуіне ауысады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бір уақыт белдеуі туралы не білуіңіз керек. Сағат тілі кері ауысқанда қандай өзгерістер болуы мүмкін. Үкіметтің «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» қаулысына сәйкес 2024 жылғы 1 наурыз сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай сағаттық белдеу белгіленді (UTC+5).
Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан бастап 2024 жылғы 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат кейінге шегереді.
Айта кетейік, ел аумағында уақыт белдеуін теңестіру мәселесі бойынша қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар жұмыс тобын 2023 жылдың сәуір айында құрды. Оған ғылыми институттардың, медициналық жоғары оқу орындарының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары кірді. Жыл бойы медицина, физиология, география, метрология сияқты түрлі бағыттарды ұсынатын жұмыс тобының мүшелері Қазақстан аумағында қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді. Жұмыс тобының қатысушылары UTC+5 Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу Қазақстанның көптеген өңірлері шынайы(табиғи) уақытқа барынша жақын уақытты пайдаланатын ең дұрыс және оңтайлы нұсқа болып табылады деген пікірге келісті. Бұл ретте жұмыс тобы халықаралық тәжірибені зерделеді, оның барысында бірыңғай уақыт белдеуі әлемнің 175 елінде қолданылатындығы анықталды, ал бірден көп уақыт белдеуінде небәрі 22 мемлекет тұрады.
Сағат белдеуіне қалай бейімделу керек
Алғашқы күндері адамды көбірек ұйқы қысады. Сонымен қатар дұрыс тамақтану режимін сақтау керек (майлы, ащы, ысталған тағамдарды, фаст-фудты, тәттілерді алып тастаңыз), дәрумендерге бай тағамдармен байытыңыз. Таза ауада көбірек қозғалу және серуендеу қажет.
1 наурызға дейін жолаушыға нені білу керек
ҚР Көлік министрлігі көршілес теміржол әкімшіліктерімен және «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ қатысушы қызметтерімен бірлесіп жолаушылар қатнасының кестесіне өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізді. Жолаушылар пойыздарының барлық өзгерістері ресми сайттар пен ғаламтор ресурстарда қол жетімді.
Азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін әуекомпаниялары да ресми сайттарға және әлеуметтік желілерге қажетті ақпаратты жария етті.
Атап айтқанда, барлық әуекомпаниялары билеттерді сату жүйесіне өзгеріс енгізді, сондай-ақ барлық жолаушыларға тиісті хабарламалар жолданды.
Сағатты кері ауыстырудың нұсқаулықтары
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтарға оларды жаңарту және жаңа уақыт белдеуіне уақтылы көшу үшін әмбебап нұсқаулықты ұсынады.
Телефоныңыздағы немесе кез келген электронды құрылғыдағы бағдарламалық жүйені жаңартып алсаңыз болағын. Сағат тілін ауыстыру автоматты түрде жүзеге асырылады.
Windows
1. «Басқару тақтасы» > сағат және аймақ > Күн мен уақытты ашыңыз.
2. «Интернеттегі уақыт» қойындысына өтіп, параметрлерді «Өзгерту» түймесін басыңыз.
3. Интернет уақытымен «Синхрондау» опциясы іске қосылғанына көз жеткізіп, «Қазір жаңарту»түймесін басыңыз.
4. Егер автоматты жаңарту жұмыс істемесе, Күн мен уақыт қойындысына өтіп, «Күн мен уақытты өзгерту» түймесін басып, дұрыс уақытты қолмен орнатыңыз.
macOS
1. Жүйе параметрлері > Күн мен уақытты ашыңыз.
2. Күн мен уақытты автоматты түрде реттеу опциясы таңдалғанына көз жеткізіңіз.
3. Егер қолмен орнату қажет болса, осы опцияны алып тастаңыз және қажетті өзгертулерді қолмен жасаңыз.
Android
1. Параметрлер > Жүйе > күн мен уақытты ашыңыз.
2. Күн мен уақытты автоматты анықтауды және автоматты уақыт белдеуін қосыңыз.
3. Егер автоматты орнату жұмыс істемесе, осы опцияларды өшіріп, күнді, уақытты және уақыт белдеуін қолмен орнатыңыз.
iOS (iPhone и iPad)
1. Параметрлер > Жалпы > Күн мен уақытқа өтіңіз.
2. Күн мен уақытты орнату опциясы үшін автоматты түрді қосыңыз.
3. Қажет болса, бұл опцияны өшіріп, дұрыс уақыт пен күнді қолмен орнатыңыз.
Оқи отырыңыз: Бір уақыт белдеуін енгізудің ұтымды тұстары қандай - сарапшы пікірі