|
03.05.2019 | 10:04
1759

Брюссельде «Айка» фильмі көрсетілді

«Айка» фильмін 16 және 24 мамырда Нидерланд мен Аустрия көрермендері тамашалайды

Брюссельде «Айка» фильмі көрсетілді

Басты рөлде қазақстандық актриса Самал Еслямова ойнайтын Сергей Дворецкийдің «Айка» фильмі Бельгия кинопрокатына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Айка» драмасы бұған дейін Еуропаның бірнеше елінде көрсетілген.  Бұл фильмді Германия, Польша, Португалия, Франция және Швеция көрермендері тамашалады. 

Брюссельдің ең ежелгі кинотеатрларының бірі саналатын Cinema Palace бейсенбі кешкісін көрермендерге толы болды. Бельгиядағы премьераға Самал Еслямованың өзі - үздік әйел рөлін сомдағаны үшін Канн фестивалінің жүлдегері атанған актриса да ұшып келді. 

Жұртшылық картинаны бір деммен тамашалап, соңғы титрлардан кейін зал «Браво!» деп айқайлады және қазақстандық актрисаның шеберлігіне ду қол шапалақтады. Самал Еслямоваға осы кеште гүл шоқтары сыйланды. 


«Бұл бас кейіпкердің тағдырын бірге сезінетін керемет кино. Фильм көрермендерді бастан аяқ зер салып тамашалауға мүмкіндік береді. Біз Айка үшін уайымдап, өзіміз бейтаныс ортаға түсіп кеттік», - деді режиссер Коко Вутер. 

Жергілікті БАҚ «Айка» фильмін 1999 жылы экранға шыққан бельгиялық ағайынды режиссерлер Дарденндердің «Розетта» драмасымен салыстырып жатыр. 

«Осы кинодан кейін өз қиындықтарыма шағымданғым келмейді. Лентада бірнеше мәселе, соның ішінде көші-қон мәселесі көтерілген. Мені фильмде жануарларға және адамдарға деген қарым-қатынас толғандырды. Өкінішке қарай, кейде адамдарға қарағанда жануарларға жақсы қарайды», - деді Брюссель тұрғыны Сабина Асанова. 

«Айка» фильмін 16 және 24 мамырда Нидерланд мен Аустрия көрермендері тамашалайды.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир