Екі жылдан бері тазалап келеміз: Алматы облысында ата-ана интернаттағы балалардың биттеп кеткенін айтты

04.02.2019 15:04
http://stan.kz

«Оқушылар биттеп кеткен». Осылай деп дабыл қаққан қала тұрғыны хабарласып, көмек сұрады. Азаматша Алматы облысына қарасты мектеп-интернатта оқитын туысқан баласының басындағы битпен екі жылдан бері алысып келе жатқанын айтады.

Апта сайын тазалап жіберсек, қайтадан қаулатып келеді деп ашынады. Оқу орны бұл мәселеге аса мән бермейтін көрінеді. Ал Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіндегілер балалардың биттеуі өткен жылдармен салыстырған 28 пайызға артқанын жеткізді, деп хабарлайды stan.kz.

«Ауыл жақа барған кезде қызбен бірге әке-шешем де биттей бастады», – дейді келіншек.

Түрін көрсетпеуді өтінген келіншек апта сайын жиенінің басындағы битін тазалаудан шаршағанын айтады. Интернаттан жұқтырған зиянкестер отбасының өзге мүшелеріне де тарай бастапты. Қымбат дәрілерді де алып, пайдаланған. Бірақ мектеп-интернатқа барғанда қайтадан басына қаулатып жұқтырып келеді дейді. Қыз бала болған соң ұзын шашын тақырлай алмай, қысқа ғып кесуге мәжбүр болған.

«Тазалаймыз, жібереміз демалыс бітеді, қыз сабаққа келеді. Демалыс күндері қызды алып кетеміз. Әр сенбі сайын үйге келесе, қайтадан сол биттің мәселесі басталады. Әр сенбі битін тазалап жібереміз. Кетеді. Келесі сенбі қайтадан бит болып келеді», – дейді Майра.

Мән-жайды білу үшін Алматы облысна қарасты Ибрагим Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатқа бас сұқтық. Білім ошағының басшысын орнынан таба алмадық. Орынбасарлары бастапқыда биттегендер жоқ деп жалтарғанымен, артынша ара-тұра кездеседі деп мойындады.

«Биттеу тіркеледі арасында, бірен-саран, сол сәтте ата-анасын шақырып, үйіне қайтарамыз, ондай баланы қабылдамаймыз», – дейді оқу орындағылар.

Қазіргі таңда бұнда Алматы облысының түкпір-түкпірінен келген 320 бала оқиды екен. Негізінен, әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес отбасылардан шыққан және жетім балалар қабылданатынын айтады. Мұндағы тазалықты дәрігерлер арнайы қадағалап отырады дейді. Тіпті, балалардың көрпе төсектерін аптасына үш реттен ауыстыруға шамамыз келеді деп отыр.

«Бастауыш сыныптардың бастарында гигиеналық талапқа сай емес деген жағдайлар естіп жатырмыз. Әрине, оның барлығында апта сайын балалар үйлеріне қайтып тұрады. Апта сайын төсек-орындары ауыстырылады. Жылына арнайы екі рет санэпидстанциядан келіп, бізге тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бірақ сіздер айтқандай қатты биттеу орын алған жоқ», – дейді Ибрагим Нүсімбаев атындағы Алматы облыстық мектеп-интернаты директорының орынбасары Сейдагүл Досбаева.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары 2017 жылмен салыстырғанда Алматы қаласында педикулез дертіне шалдыққандар қатары артқанын жеткізді. Көбіне бастауыш сынып оқушыларының бастары биттейтін көрінеді. Қаладағы 54 мектеп пен 3 балабақшадағы балалардың басынан бит шыққан. Дегенмен, жағдай бақылауда дейді.

«Халық арасында аз ғана, 28 пайызға жоғарылаған. Соның ішінде, педикулез ауруымен көбіне мектеп жасындағы балалар ауырады. 2018 жылы оқушылар арасында 54 жағдай тіркелді», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы Бибігүл Нұрғалиева.

Мамандар бит пен сірке көбіне балалар бір-бірінің бас киімдерін ауыстырып киіп, бір тарақты қолданған жағдайда жұғатынын айтады. Жеке заттарын алмастырмауға кеңес береді. Ал білім ошағындағылар биттердің интернаттан тарап жатыр дегенімен келіспейді.

Мектеп интернат басшылығы балалардың басынан бит шыққанын жоққа шығармайды. Бірді-екілі кездесіп тұратынын айтады. Дегенмен, ата-аналардың дені жалдамалы пәтерде тұратындықтан сол жақтан да алып келуі мүмкін деген жорамал айтуда.