Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында министрлер кабинетіне қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Жақында Президент сайлауы өтті. Оған дейін Конституцияға өзгертулер енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдағы 7 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуы тиіс. Қоғам бізден нақты, оң өзгерістер күтіп отыр», - деді Әлихан Смайылов.
Ол өз сөзінде айтқандай, бағыт айқын – өзара байланысты үш қағидатқа, яғни Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғамға негізделген жаңа мемлекеттік саясатты қалыптастыру.
«Осы мақсатқа жету үшін барлық тиісті жұмысты атқаруымыз керек. Мемлекет басшысы бізден «жаңа жылға Үкіметтің қазіргі құрамымен аяқ басуға бола ма?» деген сұраққа нақты жауап күтеді. Мен Премьер-Министр ретінде Президент жүктеген міндеттерді орындауға әрі тиімді шешуге бар күшімді саламын.
Осында отырған әрбір Үкімет мүшесінен де нақты жұмыс күтілуде. Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын десеңіздер қазірден орын босатыңыздар», – деді Әлихан Смайылов.
Үкіметтің шұғыл қолға алуы тиіс шаруасы - қымбатшылықты жою. Алдағы бір айда инфляцияға қарсы шаралар қайта қаралады. Тиісті заң жобасы келесі жылдың басында бекітілуі керек. Мұнымен қоса, 2023 жылдан бастап халыққа баспана алуды жеңілдету тетіктері пысықталып жатыр. Келер жылы 15,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделген. Облыстардағы үлескерлік тәсілмен салынған проблемалық нысандардағы түйткілдер шешімін табады. Ел бойынша 44 нысан бар.
«Тұрғын үй құрылысында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу бойынша 375 жоба іске асырылып жатыр. 2029 жылға дейін азаматтарға жеке құрылыс үшін бөлінетін 239 мың жер учаскесін коммуникациялармен жабдықтау жоспарда бар», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Бүгінге дейін заңсыз берiлген кен орындары мемлекет меншiгiне қайтарылады. Үкімет басшысы индустрия және экология министрлiктерi Бас прокуратурамен бiрлесiп, осы шаруаны қолға алу керегін айтты. Әлеуметтің әлеуетін көтеріп, табысын арттыру, жұмыспен қамту шаралары да кезек күттірмес мәселе. Ол үшін ауылдағы ағайынның тұрмысын жақсартуға бағытталған 4 жылдық ауқымды тұжырымдама әзірленеді.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр, Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана