Жыл сайын қазақ елі 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесін тойлайды. Бұл мереке – Ұлы Даламыздың жазиралы өлкесінде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта, тұрақтылық пен келісімде өмір сүріп жатқандығының белгісі.
Атаулы мереке қарсаңында Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз хатшысы Зульярова Шахриза Владимирқызы барша қазақстандықтарды бірлік күнімен құттықтап, арнайы Almaty.tv тілшісіне сұхбат берді.
Мерекеңіз құтты болсын! Сіз бірлік мерекесін қалай қарсы аласыз?
– Қазақстан халқының бірлігі күнін мен ерекше қуанышпен және жылулықпен қарсы аламын. Себебі бұл мереке маған бала кезімнен жақын. Мектеп жасынан бастап мен Атырау қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясында болдым, соның арқасында басқа этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін жақынырақ білуге мүмкіндік алдым. Бүгінде мен осы салада жұмыс істеймін және үлкен жауапкершілікті сезінемін, өйткені көпұлтты елде ұлтаралық келісімді сақтау және дамыту мемлекет дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Осы салаға қалай келдіңіз? ҚХА-дағы жұмысыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз.
– Ассамблеяға кездейсоқ келген жоқпын, бала кезімнен ҚХА өміріне белсенді араласқан ұнайтын. Қазіргі уақытта мен Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз хатшысы болып жұмыс істеймін. Менің жұмысым Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық жұмысын барлық бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау. Жалпы Алматы қаласы ҚХА этномәдени бірлестіктері ұлтаралық келісімді сақтау және дамыту бойынша үлкен жұмыс атқаруда. Мысалы, Алматы қаласы ҚХА-сы пандемия кезінде коронавирус инфекциясымен күресте қолдау көрсету үшін көптеген қайырымдылық акцияларын өткізді және бүгінге дейін белсенді жұмысын жалғастыруда.
Қазақ тілін жақсы білесіз бе? Осы уақытқа дейін қандай жетістікке жеттіңіз?
– Қазақ тілін білу және құрметтеу – әрбір қазақстандықтың парызы. Қазақ тілі мен үшін мектептен бастап екінші ана тілімдей болды. Мені әрдайым қалалық және республикалық олимпиадаларға жіберетін, көбінесе мен тілді жақсы білетіндердің қатарында болдым, бұл маған қазақ тілі білімімді оқып-үйренуге және жетілдіруге түрткі болды. Бүгінгі таңда қазақ тілін білу маған көп жағдайда, әсіресе жұмыста көмектеседі, өйткені мен өз ойымды еркін жеткізе аламын.
Соңғы оқыған әдеби шығармаңыз қандай? Несімен есте қалды?
– Ануар Әлімжановтің «Жаушы» тарихи романы.
Романда жоңғар жаугершілігінің қазақ еліне шабуыл жасаған қайғылы кезең алынган, XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының тұтас тұрмысы, өмірі суреттелген «Жаушыдағы» негізгі идея басқыншы жаулардан ел іргесін тазарту үшін хан тағына таласып, өзара қырқысқан хандарды, халықтың бойындағы барлық күш-қуатын біріктіріп, қиын-қыстау кездерден аман өту үшін бірлікке шақыру. Әрине басты кейіпкерлер арасындағы махаббат, адалдық ерекше корсетілген.
Қазақстанда 100-ден астам ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүреді. Сіздің ойыңызша, бәрі бірдей қағидатқа сәйкес өмір сүруі үшін не істеу керек?
– Менің ойымша, бұл әрқайсымызға байланысты. Егер әрбір азамат қоғам игілігіне, мемлекет игілігіне және ұлтаралық келісім үшін адал еңбек етіп, өз үлесін қосатын болса, онда біздің елімізде әрқашан да бірлік пен келісім болады деп сенемін. Көпұлтты елде тұрып, ұлтына және дініне қарамастан, біз бір-бірімізге құрметпен қарауымыз керек, өйткені бұл біз аман-есен өмір сүріп, жұмыс істейтін және бізді біртұтас тағдыр байланыстыратын туған жеріміз.
Бірлік мерекесіне құттықтау лебізіңіз?
– Әрқайсымызға ең басты денсаулық, амандық тілеймін, барлық ізгі армандарымыз осы қасиетті Рамазан айында жүзеге ассын. Елімізде бірлік пен келісім әрқашан нығая берсін!
– Сұхбатыңызға рақмет!