Күре жолдардың ахуалы жайлы ақпарат арнайы базаға енеді

30.06.2026 15:09
"ЖАСҰО" РМК Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Көлік министрлігінің «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облыстық филиалы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын кешенді диагностикалау мен цифрландыру жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сонымен қатар жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын диагностикалауды кезең-кезеңімен толық қамту, және алынған деректерді «E-joldar» электрондық жүйесіне енгізу тапсырылды.

Осыған байланысты аудандық маңызы бар көше-жол желілерінде, атап айтқанда Алматы облысының автомобиль жолдарын диагностикалау және аспаптық бағалау жұмыстары басталды. 

Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 447,5 шақырымы және кепілдік мерзіміндегі 30 шақырым автомобиль жолдары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Жолдарды цифрлық негізде диагностикалау - автомобиль жолдарының нақты техникалық жай-күйін анықтауға, жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауға және жол инфрақұрылымының қауіпсіз әрі ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Диагностика барысында көпірлердің, жол өткелдерінің, су өткізгіш құбырлардың және өзге де жасанды құрылыстардың техникалық жай-күйіне тексеру жүргізіліп, олардың пайдалану қауіпсіздігі мен көтергіш қабілеті бағаланады. 

Жолдардың нақты техникалық жай-күйі туралы объективті ақпарат алу мақсатында заманауи диагностикалық жабдықтар мен жылжымалы зертханалар қолданылып жатыр. 

Алдағы уақытта цифрлық мониторинг жүйелерін дамыту, көлік жүйелерін енгізу, деректерді автоматты түрде жинау мен өңдеу технологияларын пайдалану, сондай-ақ халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерге сәйкес автомобиль жолдарын басқарудың инновациялық тәсілдерін енгізу жоспарланып отыр.