Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы күштерінің командасын жеңісімен құттықтады

19.08.2019 15:09

Қазақстан құрамасы халықаралық армия ойындарына қатысқан 39 команда ішінде 3-орынға ие болды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық армия ойындарында сәтті өнер көрсеткен Қазақстан Қарулы күштерінің командасын құттықтады, деп хабарлайды Sputnik.kz


«Сіздер жоғары кәсіби дайындық пен жауынгерлік шеберліктеріңізді көрсетіп, 39 команданың арасынан 3-ші орынға ие болдыңыздар. Игілікті істеріңізде жаңа жетістіктерге жете беріңіздер!» – деп жазды мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.


АрМИ-де қазақстандықтар сәтті өнер көрсетті

Қазақстандықтарды Мәскеу облысының «Алабино» полигонында марапаттады. «Патриот» саябағында V халықаралық армия ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Шараға Қазақстанның қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты.


Қазақстандық әскерилер жеке есепте бірнеше мәрте үздік нәтиже көрсетті. Отандық Су-25 экипажы «шабуыл авиациясы» номинациясында бірінші орынды иеленді. Жеке шеберлік сынағында қазақстандық әскери медицина қызметкерлеріне тең келетіндер болмады.

Ең қызықты байқаудың бірі – «Танк биатлонында» қазақстандық команда үздік үштік қатарында болды.

Мерейтойлық халықаралық армия ойындары 3-17 тамыз аралығында өтті. Жарыс Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай және Өзбекстан елдерінің 25 әскери полигонында өтті. Биыл 32 байқаудан тұратын сайысқа 39 елден 223 команда қатысты.