Елімізде бес күнің ішінде 1200 қылмыстың беті ашылды

05.06.2019 15:10

Іздеуде жүрген 65 қылмыскер ұсталды

Елімізде полиция қызметкерлері бес күннің ішінде 1200 қылмыстың бетін ашты, дәлірек айтқанда 4 кісі өлтіру және 32 тонау қылмысын анықтады. Шара барысында іздеуде жүрген 65 қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сонымен бірге 36 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде ұсақ бұзақылық, ішімдік ішу және қоғамдық орындарда мас боп жүру, мас күйінде көлік жүргізу, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, темір жол өткелдерінен өту ережесін сақтамау, туристердің елімізде жүру тәртібін бұзуы секілді қылмыстар тіркелді. Полиция қызметкерлері сондай-ақ есірткі заттарын заңсыз сақтаудың 91 фактісін анықтады, 40 келі есірткі тәркіледі және заңсыз сақталған 92 атыс қаруын тәркіледі. Оның 69-ы тегіс ұңғылы, 16-сы травматикалық немесе газды қарулар», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 1-5 маусым аралығында қоғамдық және жол қауіпсіздігін, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алып, жалпы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ел аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы өткізілуде.

Оның ең басты міндеті – қылмыстардың ізін суытпай ашу, құқық бұзушылықтарды, соның ішінде жол ережесін өрескел бұзу фактілерінің алдын алу.

Жалпы, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы кезінде қалалар мен елдімекендер көшелерінде, қоғамдық орындарда жағдайдың біршама жақсарғаны байқалды.

Теги: ІІМ МВД РК