2023 жылға қалалық бюджеттен дипломнан кейінгі даярлық бойынша140 білім беру гранты жоспарланған
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков биыл қала әкімдігінің гранты бойынша оқуын аяқтап жатқан резидент дәрігерлермен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы өз сөзінде мемлекет бірінші кезекте өз азаматтарының денсаулығына назар аударатынын атап өтті. Осыған орай Алматы қаласының Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурсын дамыту шеңберінде Алматы қаласының әкімдігі 2021-2025 жылдар аралығында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен денсаулық сақтау саласында резидент мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөліп келеді.
Биыл қала әкімдігінің гранты бойынша С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да 45 резидент-дәрігер мамандандырылады.
Нәтижесінде резидент бағдарламасы бойынша өз білімін шыңдап пульмонолог, физиотерапевт-реабилитолог, балалар инфекционисі, гастроэнтеролог, невропатолог, эндокринолог, невролог және т.б. мамандар шығады.
"Жыл сайын қала халқы өсіп келе жатыр, сондықтан біз кәсіби кадрлардың, атап айтқанда, тар ауқымды мамандардың тапшылығын болдырмауымыз керек. Әрине, кадрлық мәселе сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету кезінде маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы осыған бағытталған", – деп атап өтті Иран Шаметеков.
Кездесу аясында қатысушылардың назары, ең алдымен, студенттерді қаланың ведомстволық бағынысты медициналық ұйымдары арасындағы бөлуге аударылды. Ол үшін іс-шараға 8 ауданның медициналық ұйымдарының кураторы шақырылды.
Студенттер өзін қызықтырған сұрағын қойып, оларға толық жауап алды.
Қазіргі уақытта С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Алматы қаласы әкімдігінің гранты бойынша резидентураның 29 білім беру бағдарламасы бойынша 183 резидент-дәрігер, 1-курста 99 адам, 2-курста 84 адам оқиды.
2023 жылға қалалық бюджеттен дипломнан кейінгі даярлық бойынша140 білім беру гранты, соның ішінде резидентураға 130 грант, "эпидемиология" мамандығы бойынша 10 магистратура гранты жоспарланған.
Салыстыратын болсақ, өткен 2022 жылы жергілікті бюджеттен 120 білім беру гранты қаржыландырылған.