Арыс қаласының тұрғындары таң ата сала өз үйлеріне аттанып жатыр, деп хабарлайды Sputnik.
Тұрғындарды автобуспен тасымалдау жұмыстарын Шымкент басшылығы ұйымдастырды – адамдар таңғы сағат 6-дан бастап жолға шықты, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов.
Кеше Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шөкеев хабарлағандай, қала снарядтардан тазартылды.
«Қала 17 секторға бөлінді, әрқайсына облыстың аудан мен қала әкімдіктері бекітілді. 640 жауапты маман – әр үйге біреуден бөлінді. Олар тұрғындарды қоныстандыруға көмектеседі», – деп атап өтті өңір басшысы.
Жергілікті биліктің айтуынша, Арыстағы жағдай толығымен бақылауға алынды. Өрт ошақтары сөндірілді. Алаңдауға негіз жоқ. «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қорының шотына бүгінге дейін 721 миллион теңге түсті. Гуманитарлық көмек жинау және тарату штабы жұмыс істеп жатыр. Ауқымды қайырымдылық акциясы барысында мұнда 150 тонна азық-түлік жиналды. Азық-түлік пен киім-кешек Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарынан жеткізілді.
«Мемлекет арыстықтарға жан-жақты көмек көрсетеді. Біздің мамандар зақымдалған нысандарды фото және видеоға түсіріп, шығынды өтейді», – деп атап өтті әкім.
Сонымен қатар, тұрғындардың үйлерін қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірінен 160 арнайы бригада – әр облысқа бір сектордан келеді.