Ай сайынғы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға осы жылдың мамыр айынан бастап мемлекет тұрғын үйді жалдау құнының 50 пайызын төлеп отырады. Ол туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты. Оның сөзінше, биыл 70 мыңнан астам отбасы баспана жалдау ақысына субсидия алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде баспана кезегінде тұрған 590 мың адамның 210 мыңы әлеуметтік санат қатарында. Олар —көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар. Соның ішінде Еңбек министрлігінің деректеріне сәйкес, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз шамамен 70 мың азаматты қысқа мерзім ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй жалдау төлемдерін беретін оператор ретінде «Отбасы банкі» белгіленген.
«Банк кезекте тұрған адамдарды тұрғын үйге мұқтаждығы өлшемшарты бойынша ақпараттық жүйе арқылы тексереді. Атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Жалдау ақысы мынадай тәртіппен субсидияланбақ: 50 % мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады; қалған 50 % алушы өз бетінше төлейді. 70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет, бұл ретте көрсетілген қаражат жыл сайын кезекте тұрған адамдар санына байланысты өзгеруі мүмкін», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Тұрғын үй жалдау ақысын бюджет есебінен субсидиялау шарасы 10 жылда 500 мыңнан астам қазақстандықтың баспана мәселесін шешеді. Сонымен, үй жалдау субсидиясына қатысу үшін мынадай талаптар қойылып отыр.
«Қазақстан Республикасының азаматтығы болуы тиіс. Отбасының жиынтық табысының соңғы 6 айда әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспайтын болуы керек. Тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте кезекке қойылғанын растауы тиіс. Тұрғын үй иесі мен өтініш беруші арасында жасалған шарттың болуы керек», - деді Қайырбек Өскенбаев.
Төлемдерді тағайындау үшін өтініш беруші банкке ЭЦҚ арқылы өтініш пен тұрғын үйді жалдау шартын береді. Қалған құқық белгілейтін құжаттар тиісті ақпараттық жүйелерден алынады. «Отбасы банк» ұсынылған құжаттардың сәйкестігін қарайды және тексереді. Растаған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде жалдау төлемдерін аударады.
Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі сапалы үйлер салуға басымдық берілетінін айтты. Ол үшін тұрғын үй құрылысын нақты шағымсыз-ақ тексеру мүмкіндігін беретін заңнамаға өзгерістер енгізілмекші. Ал үлескерлердің мойнындағы тәуекелді азайту мақсатында «Қазтізілім» жүйесі іске қосылады. Ол жосықсыз құрылыс салушылардан үлестік құрылыс бойынша тұрғын үй сатып алу қауіп-қатерін барынша азайтады деп көзделуде.
«Отбасы банкі» 10 жұмыс күні ішінде төлемді аударады.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан