Алматының Бостандық ауданында 2020 жылы қос амбулатория ашылады. Ал 150-ден астам көшеге жарық шамдары орнатылады. Бүгінгі қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесуде алдағы жылға осындай жоспар айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
29 тамыз. Қала әкімімен алғаш рет кездескен аудан тұрғындары түрлі саладағы сұрақтар қойды. Атап айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, монополистердің баға саясаты мен мердігерлердің сапасыз жұмыстарына қатысты шағым көп айтылды. Тұрғындар көпқабатты үйлерді жөндеуден өткізуді сұрап, ойын алаңдарын салған олақ мердігерлерді жауапқа тартуды өтінген еді.
«Біздің үйіміздің ауласын «Алатау констракшн» компаниясы абаттандырып берді. Бірақ жұмыстарын өте сапасыз істеді. Футбол алаңының қоршауы тесіліп, жердегі жабындысы жан-жақта жыртылып жатыр. Қазір мердігер компания банкрот болып қалды. Мамыр айында аудан әкімі ол ұйымның орнына басқа мердігерлермен келісіп, аулаларыңызды қайта жөндеп береміз деген. Алайда тек сөз жүзінде қалды», - деді бір тұрғын.
Бүгін кездесу бастала сала Бостандық ауданы әкімі Алтай Рахымбетов 3 ай ішінде атқарылған жұмыстарды салаға бөліп, жіпке тізді. Өткен жолы дүйім елден түскен 120 шақты сұрақтың басым бөлігі оң шешім тапқан. Қазір 8 сұрақ әлі шешілу үстінде. Себебі, оған уақыт пен қаражат қажет.
«Тұрғындардың айтқан арыздарынан кейін, осыған дейін көріктендіру жасалған аулалар қайта жөнделді. Яғни, бұрын жөндеу жасалып, кейін мердігердің сапасыз жұмысынан кейін бұзылған спорт алаңдары болатын. Сынған спорт жабдықтары ретке келді. Мәселен, Орбита ықшамауданы, Қазақфильм 15, Сәтпаев 76 және басқа да мекенжайлар бойынша алаңдар қайта жөнделді», - деді Алматы қаласы бостандық ауданының әкімі Алтай РАХЫМБЕТОВ.
Десе де, ісіне жүрдім-бардым қарайтын мердігерлер саны тыйылмай тұр. Екінші кездесуде де спорт алаңдарының сапасына көңілі толмаған тұрғындар табылды. Құрылыспен айналысатын компаниялар көзбояушылық танытады деп арызданды. Сөздерінше, футбол алаңының қақпасы балалардың тепкен добына шыдас бермейді дейді.
«2018 жылы бізге футбол мен балалар ойын алаңын салды. Салуын салғанмен, әлгі футбол алаңын еш ойланбастан сала салған. Балалар доп тепкен сайын қоршауының тарсылдаған дыбысы естіледі. Ол дыбыс тіпті 9 қабатқа дейін естіледі», - деді бір тұрғын.
«Әрине, оны қолға аламыз. Бірақ болашақта сізбен әлі байланысамыз. Келер жылы осындай жұмыс істегенде уақытылы ақпарат беріп отыру үшін», - деді тиісті мекеме.
Ал бұл келіншек керісінше балаларын жаңадан жасалған ойын алаңында ойната алмай жүр. Себебі, жаз бен күзде қандала денелерін талап, мазамызды қашырады дейді. Күн жылыда жәндіктер далада, ал күн салқындағанда үйдің ішіне кіріп алады екен. Онымен күресіп, амалымыз қалмады деген келіншек қала әкімінен көмек сұрады.
«Біз жәндіктерден көресіні көрдік. Бара-бара мәселе ушыға түспесе, шешілетін түрі жоқ. Ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ», - деді келесі бір тұрғын.
Бұл жолғы кездесу басқалардан өзгешелеу өрбіді. Келіншектердің біразы жылап тұрып, қала әкіміне басындағы жеке мәселелерін айтып бір жеңілдеп қалды. Оған қоса, тұрғын үйді кешенді жөндеуден өткізу, ескі үйлерді сүру, жаңадан қосылған елді мекендерде ауыз су тапшылығы да айтылды. Оған қоса, халық ұсыныс та білдірді. Баласын көтерген мына келіншек үйдегі жануарларға жаны ашымайтын ветеринарларды сынады. Сөзінше, әр тұрғын айына бар болғаны 20 теңгеден коммуналдық төлем жасаса, ит пен мысыққа жекеменшік тәлімбақ салуға болар еді.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев соңғы 6 айда халықпен 16 рет кездесті. Басты мақсат – тұрғындардың қордаланған мәселелерін тез арада шешіп, халықпен тығыз байланыс орнату. Тамыздан бері басталған жүздесулерге 7 мыңнан аса адам қатысты. Олар қала басшысына 2 мыңға жуық сұрақ қойды. Кездесудегі сауалдардың 20 пайызы уақытты қажет етеді. Қазір оларды шешу үшін іс-шаралар жоспары да бекітілді. Ал халқына жақын болған әкімнің жұмысы көпті сүйсінтті дейді.
«Өзіңіз бастап, мынау барлық басқарма басшылары, орынбасарларыңыз келіп отырған ауданның тұрғындарының, 41 мың зейнеткердің атынан сізге көп алғыс айтамыз. «Баталы қол арымас» деген сөз бар», - деді тұрғындар алғыс білдіріп.
«Жұмысымызды жалғастыратын боламыз. Бұл бізге өте үлкен көмек жасап отыр. Біз сіздердің сұрақтарыңыз арқылы проблемалардың қайдан шығып жатқанын, қай жерде жұмыстарымыздың дұрыс жүрмей жатқанын көріп отырмыз. Көп нәрсені ойланып қалуға болады. Егер бір нәрсені «болар болмас мәселе,өздігінен өзі шешіледі» деп отыра берсек, мәселе шешілмейді, керісінше жалғасын тауып кете береді. Кіре берістегі мәселе үйге, үйден ауданға, ауданнан қалаға өтеді. Сол бағытта кете береді. Сол себепті, мәселенің үлкен кішісі болмайды», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Осылайша Бақытжан Сағынтаев Алматының әр ауданына барып, халықпен бетпе-бет жүздесудің екінші циклін аяқтады. Ал алдағы уақытта шаһар басшысы осындай жиынды дәстүрге айналдырып, тоқсан сайын бір рет 8 ауданда кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы