Нидерландық Натан Виссер: балаларымның есімі - Берік, Аяна және Сәуле

20.02.2020 15:13

Қазақстанға 2005 жылы келген Натан Виссер қазақ тілін қалай үйренді

tengrinews.kz

Натан Виссер - Нидерланд елінің тумасы. Ол 2006 жылы Қазақстанға қызмет бабымен келген. Натан Алматы облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылында тұрып, қазақ тілін меңгеріп алған. Қазақстанда 10 жылдай тұрған ол елде арбаға таңылған балаларды емдеумен айналысқан. Болашақ жарын осы Қазақстанда кездестіріп, үйлену тойын қазақы салт-дәстүрмен жасап, балаларына да қазақша есім берген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қазақ тілін ауылда үйренген

Натан Виссер алғашында Қазақстанға 2005 жылы келген. Артынша бір жылдан кейін елге келіп екі айдай Алматы қаласында жұмыс істеген. 2006-2009 жылдар аралығында Көктал ауылына қазақ отбасының үйінде тұрған. Оның айтуынша, қазақ тілін меңгеруіне сол қазақ отбасының ықпал еткен.  

"Артынша сол жердегі жобамда қиындықтар туғаннан кейін, оны жабуға тура келді. Сөйтіп Алматыда біраз уақыт тұрдым. Сосын елордаға көшіп кеттім. Елордада болашақ жарымды кездестірдім. Сөйтіп біз 2011 жылы үйлендік. Астанада 2016 жылға дейін тұрдық", - дейді Натан.

Натанның айтуынша, оның ауылға көшіп, тіл меңгеруіне директоры кеңес берген.

"Сол уақытта директорым "Алматыда тұрсаң, қазақша үйрену қиындау болады" деп айтты. Ауылға кеткеннен кейін әріптестерім мені сол ауылдағы бір қазақ отбасымен бірге тұруға рұқсат сұрап, сол отбасымен бірге 3 жылдай тұрдым. Көбіне сол қазақ отбасымен бірге өмір сүргендіктен үйреніп алдым. Елдің әнұранын, салт-дәстүр, мәдениетін сол үйдегі Әлима апаймен отырып, әңгімелесіп жүріп үйреніп алдым. Ол отбасы сондай ашық болғасын маған қазақ тілін үйренуге мүмкіндік берді. Сол кісілердің арқасында тілді үйреніп алдым", - дейді Натан.

Одан бөлек, Натан голланд, ағылшын, кішкене орыс тілін біледі. Оның айтуынша, ауылға келген жылы бір жылдай тіл үйренумен айналысқан.

"Бірінші жыл тек қазақ тілін үйренумен айналыстым. Директорым да "Сен бірінші қазақ тілін үйреніп ал, жұмыс кез келген уақытта табылады" деді. Кейіннен ақырындап тіл үйреніп алғаннан кейін, екінші жылы 2-3 науқас баламен жұмыс істей бастадым. Сөйтіп, біраз уақыттан кейін емдейтін балалардың саны 50-60-қа жетті. Астанаға көшкеннен кейін аутизммен ауыратын балаларды емдейтін орталықта жұмыс істедім. Солармен біраз уақыт жұмыс істеп, көмектестім. Кейіннен 2013 жылы өзім "Арман" деген орталық аштым", - дейді Натан.

Мақсаты - арбаға танылған қазақстандық балаларға көмектесу


Кейіпкеріміздің айтуынша, мақсаты - арбаға танылған қазақстандық балаларға көмектесу болған.

"Қазақстанға келген кезде арнайы орындықтар жасадым, вертикализаторлар мен жуыну бөлмесіне қоятын орындықтар алып келдік. Себебі арбаға танылған балалардың жүруі кезінде, жуыну бөлмелерін қолдануда қиындық туатын. Екіншіден, арбаға танылған балалардың дене қозғалысының реттелуіне жаттығулар жасау арқылы көмектестік. Соңғы жылдары арнайы курстар өткізумен айналыстым. Астанадағы әкімдіктің әлеуметтік бөліміндегі қызметкерлерімен бірге балаларға қалай көмектесуге болады, қандай жаттығулар пайдалы деген сияқты курстар болды. Басқа да мамандарды дайындадық. Мен кетер кезде Атырау, Ақтау қалалары шақырып, сол жерде де бір аптадай курс өткіздім. Курс арқылы білім көтеру маңызды. Себебі білім жоқ жерде не істеу керегін, емдеудің жолдарын білмейді", - дейді кейіпкеріміз.

Балаларының есімі - Берік, Аяна және Сәуле


Кейіпкеріміз жайлы тағы бір қызықты дерек - ол үш баласының есімін қазақша қойған. Натан жары Эйвелинмен Берік, Аяна және Сәуле есімді үш баланы тәрбиелеп отыр.

"Ұлымның есімін Берік деп қойған себебім, жарым оны босанарда кішкене қиындық туды. Ұлым өліп кетуі мүмкін еді. Бірақ түсінгенім - оны Құдай жақсы көреді екен. Ол өмір сүргісі келді. Сондықтан ұлымның есімін Берік деп қойдым. Берік деген мықты дегенді білдіреді ғой. Ал үлкен қызымның есімін Аяна деп қою себебіміз үлкен ұлым кішкене қиындықпен өмірге келгеннен кейін енді бізде бала бола ма, жоқ па деген ой болды. Артынан бізге аян берілгендей болып, қызым өмірге келді. Сондықтан Аяна деп қойдық. Сәуле туғанда өмірге жарық сәуле келгендей болып көрінді", - дейді Натан.

Қазақ тілін үйрену қиын болған

Натанның айтуынша, алғашында қазақ тілін үйрену қиындау болған.

"Әрине, қазақ тілі қиындау ғой. Егер Түрік, Өзбек елінен болсаң, әрине, жеңілірек болады. Себебі кейбір сөздер ұқсас. Өзім голландиялық болғандықтан қиындау болды. Себебі, сөздер мүлде ұқсамайды, грамматика мүлде басқа, сөйлем құрастыру өте қиын болды. Бірінші жылы тіл меңгеру өте қиын болды, екінші жылы ақырындап сөйлеп кеттім. Бірақ әлі де кішкене түсінбейтін нәрселер болады. Ал көшеде жүріп, адамдармен сөйлесуде мәселе жоқ", - дейді Натан.

Үйлену тойы қазақы салт-дәстүрмен өткен

Натан мен Эйвелиннің үйлену тойы Қазақстанда қазақша дәстүрмен ерекше өткен. Кейіпкеріміз тойының қалай болғанын да айтып берді.

"Менің әйелім ол кезде Шымкентте тұрған. Мен Шымкентке барып, қалың мал беріп, сол жерде дастархан басында шай ішіп шықтық. Сөйтіп, Көкталға барып, келін түсірдік. Ауылда беташар жасап, кішігірім той өткіздік. Үлкен тойға 100-ден аса адам келді. Тойға астанадан, Шымкенттен, Алматыдағы достарым және Көктал ауылындағы таныстарым келді. Нағыз қазақша той болды: кешкі сегіздерде басталып, түнгі 3-ке дейін болды. Той өте қызық өтті, бәрі тілек айтып, әңгімелесіп қайтты. Сосын Голландияға қайтып, заң бойынша үйлендік. Туыстарымыз Қазақстандағы тойға келе алмағандықтан, Голландияда той жасадық. Ол жерге Қазақстаннан Әлима апай мен қарындасым Әйгерім келді. Екі жақтағы той да күшті өтті", - дейді Натан.

Қазақтың салтын жақсы білетін Натан кез келген дәстүр ерекше, әрі ұнайтынын айта кетті.

"Қазақтың тойы, беташары, "тәтті шай" беру дәстүрі, қонайжайлығы ұнайды. Ол өте керемет дәстүр деп ойлаймын. Үлкендерге көрсетілетін құрмет те керемет. Мәселен, мұнда автобустарда аяғы ауыр келіншектерге, үлкен кісілерге орын беріп, құрметтейді", - дейді кейіпкеріміз.