Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ, ұлы дала дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз", - деді Президент.
Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Өйткені, қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Академик Ахмет Жұбанов "Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі" деп бекер айтпаған. Қастерлі аспаптың қос ішегіне халқымыздың бүкіл болмысы сыйып тұр.
Сонау Кетбұғадан бері жалғасып келе жатқан дәулескер күйшілеріміздің мол мұрасы – баға жетпес рухани байлығымыз. Біз төл өнерімізді дәріптеу арқылы асыл құндылықтарымызды ұлықтай түсеміз, деп жалғастырды мемлекет басшысы.
"Қазір Жаңа Қазақстанды құруға кірістік, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды қолға алдық. Өркениетті ел болу үшін жаңа дәуірдің жақсы үрдістерін бойға сіңіру жеткіліксіз. Сонымен бірге, салтымызды сақтап, еңбекқорлық құндылықтарын кеңінен дәріптеп, бабалар жолын берік ұстанамыз", - деді Тоқаев.
Ол жұртымызбен бірге домбыра да мәңгі жасайтынын, күй өнері азаттық рухын ұрпақтан ұрпаққа жалғастыратынын айтты.
"Домбыра әр шаңырақтың төрінде тұрсын! Еліміздің мерейі тасып, абыройы асқақтай берсін!" - деді Президент.