Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті мен қалалық прокуратура "Олимп" букмекерлік кеңсесінің әкімшілігіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Олар заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінді.
Компания Қазақстан заңнамасының нормаларын бұзып, интернет-ресурстар арқылы лицензияланбаған қызмет көрсеткен. Табыстан салық төленбеген.
"Ел аумағынан ақшаны заңсыз шығару арнасы анықталып, жолы кесілді. Қаржы қылмысына қатысты өзге де әрекеттер анықталып жатыр", - деп жазылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтында.
"Олимп" сауда маркасымен жұмыс істейтін "Only bet" және "Alpha bet" ЖШС-ның лицензиясы алты айға тоқтатылды. Мұндай шешімді Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты шығарды.