Түркияның Газиантеп қаласында жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың бірінші тобы елге оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар борт Алматы әуежайына қонды. Оларды қазақстандықтар, туыстары, достары мен әріптестері күтіп алды.
Қазақстан құтқарушылары іздеу жұмыстары барысында 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды. 250 мың текше метрден астам үйінді қопарылды.
Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері де тәулік бойы зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсетті. Барлық жұмыс кезеңінде 200-ге жуық жергілікті тұрғындар мен құтқарушыларға, оның ішінде 30-ға жуық балаға медициналық көмек көрсетілді.
Түркия Республикасының АFAD жер сілкінісі салдарын жою дағдарыс орталығымен келісіліп, Қазақстан Республикасы ТЖМ күштерімен іздестіру-құтқару жұмыстары барлық объектілерде аяқталды, күштер топтамасы тұрақты орналасқан пункттерге қайтарылады.
Түркияның Нурдағы қаласында жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны елге аман-есен оралды.
Біздің мамандар мінген борт бүгін түнде Астана әуежайына қонған еді. Оларды Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин күтіп алды. Ол құтқарушыларға алғыс айтып, аман оралғандары үшін ризашылығын білдірді.
«Құрметті әріптестер! Сіздер зілзаладан зардап шеккен Түркия еліне барып, азаматтық борыштарыңызды атқарып келдіңіздер. Түсінемін, марқұмдардың денесін жақындарына жеткізу моральді тұрғыда ауыр болды. Бірақ сіздер өте жауапты әрі сауапты іс жасадыңыздар. Жеке өзім басымды иіп, алғыс білдіремін. Сіздердің жұмыстарыңызды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары бағалағанын айта кетейін», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Экиджи біздің мамандарға алғысын айтты.
«Бауырлар, сіздер өте маңызды қызмет атқарып келдіңіздер. Түркияда апат болған күннен бастап қол ұшын созамын дегендердің алғашқылары Қазақстан болды. Сол үшін де осы елдің Үкіметіне, басшысына алғыс білдіреміз. Біз бұл жақсылықты ұмытпаймыз», – деді Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи.