Сәбиімізді ауыстырып жіберді: Алматы облысында перзентханадан шу шықты

26.12.2019 15:19

Баланың салмағы мен туған күні сәйкес емес. Құжаттарда оның қан тобы да басқаша көрсетіліпті

ашық дерек көздерінен

Алматы облысында бір отбасы перзентхана қызметкерлерін сәбиімізді ауыстырып жіберді деп айыптады. Ульяна Давыдованың айтуынша, дәрігерлер сап-сау туған жиен немересін алып кетіп, екі күннен соң оның орнына өзгенің өлі нәрестесін берген. Өйткені шетінеген сәбидің бетінде үлкен жара болыпты, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жас ана сәбидің туылғаны туралы қағаздағы мәліметтерді дәрігерлердің өзгертіп жібергеніне де сенімді. Перзентхана басшылығы мұның бірін мойындаған жоқ. 17 жасар Виктория қазір ұлын бағып отыратын еді. Оның орнына, анасы екеуі сәбидің санаулы суреттерін қайта-қайта қарап, қайғырып жүр. Айтуларынша, қыздың жүктілік кезеңі жақсы өтіпті. 8 мамырда мерзіміне екі апта жетпей Артемді өмірге әкелген. Бірақ дәрігерлер баланы бірден алып кеткен көрінеді.

«Сәбиді орап, алып кетті. «Екі сағаттан кейін әкелеміз» деген. Бірақ, сөзінде тұрмады. Кейін оның жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды. Ол жердегі дәрігерге барғанымда: «Бәрі жақсы, баланы көп ұзамай анасына апарамыз» деді. Бірақ бес минутқа әкеліп, қайта алып кеткен. Екі күннен соң дәрігерлер Артемнің тыныс алу жүйесінде ақау бар екенін жеткізді», - дейді Ульяна Давыдова.

Ал, үшінші күні ақ халаттылар шақалақтың шетінеп кеткенін жеткізген. Сөйтіп, қолына баланың сүйегін беріпті. «Оны үйге келіп ашқанымызда, шошып кеттік», - дейді Давыдовтар. Өйткені баланың беті үлкен қызыл жараға толы болған. Ал, оған дейін «мұндай жоқ» дейді. Сондықтан, отбасы дәрігерлер «сәбиді ауыстырып жіберген» деп топшылайды.

«Баланы ауыстырып жіберген деп ойлаймын. Қызым жап-жас, күйеуі жоқ. Оның үстіне, он екі мүшесі сау бала туды. Ал, басқа біреудің баласы ауру болып туылған. Сөйтіп екеуін ауыстырған», - дейді Ульяна Давыдова.

Мұндай жағдай біздің перзентханада бірінші рет емес. Дәрігерлер сәбидің туғаны туралы бір жапырақ қағаздағы «мәліметтерді өзгерткен» дейді ашынған ана. Мәселен, баланың салмағы мен туған күні сәйкес емес. Құжаттарда оның қан тобы да басқаша көрсетіліпті. Осының бәрі үлкен күмән тудырып отыр. Отбасы мүшелері құзырлы орындарға шағымданып, қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, оның нүктесі әлі қойылған жоқ. Жуырда баланың сүйегі қазып алынып, сот-медициналық сараптама жүргізілген. Тек терінің шіріп кеткенін алға тартқан мамандар баланың ДНҚ-сын анықтай алмапты. Ал қара жамылған отбасы бүкіл орган келісіп, «істі жылы күйінде жауып тастамақшы» дейді. Даудың ортасында қалған Есік қаласындағы перзентханадағылар «сүттен ақ, судан тазамыз» деп отыр.

«Біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Ештеңені түзеткен жоқпыз. Бала өкпе қабынуымен туылды. Сосын ол жансақтау бөліміне ауыстырылды. Бірақ, ем-дом көмектеспеді. Ешкімді ауыстырған жоқпыз. Бұл – барып тұрған жала», – деді перзентхана директорының орынбасары Гүлнәр Мамырбаева.

Ал бетіндегі қызыл жараның пайда болуына «лейкопластырь себеп» дейді. Яғни, бұл аллергия көрінеді. Көңіліне күдік ұялаған Давыдовтар шетінеген нәрестенің кімдікі екенін білгісі келеді. Сол үшін қазып алынған мәйітке қайта сот-медициналық сараптама жасалғанын қалайды. «Егер сәби өздерінікі болса, оның нақты неден көз жұмғанын анықтау керек», - дейді. Сөйтіп, бұл жағдайға кінәлі адамдардың заң алдында жауап беруін талап етуге бел буып отыр.