«Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Арнайы «Жусан» операциясымен елге оралған жерлестеріміз Сириядағы көзбен көрген сұмдықтарын айтып берді. Жұмақты аңсаймын деп тағдыры тозаққа айналғандар туған жерге жеткенімізге қуаныштымыз, дейді. Қазір Ақтаудағы бейімдеу орталығында жатқан оларға барлық жағдай жасалған. Орталықта бөбектерге балабақша, жеткіншектерге арнайы мектеп ашылған, деп хабарлайды sn.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сириядан оралғандардың бірі - Жанна осыдан 5 жыл бұрын елден кеткенін айтады. Әйел тура жолдан тайған күйеуінің соңынан еремін деп, соғыстың ортасынан бір-ақ шыққан. Онысын кейін түсінген. Түркиядан күтіп алған күйеуі оны ертіп Сирияға өтіп кеткен. Өзі осыдан 1,5 жыл бұрын өмірден озған.
«Ол кезде менің аяғым ауыр болды. Күйеуім баланы тастап, өзің қайта бер деді. - Өзі қайтқысы келмеді ме? - Жоқ, осы жақта өлемін деді. Басында бәрі әдемі ғой. Тұратын үй ішінде бүкіл дүниесі болды. Бәрі бар. Әйел болған соң, қызықтық», – дейді Жанна.
Алғашқыда жылтыраған дүниеге қызыққан Жанна аз уақыттан кейін қалай соғыстың ортасынан бір-ақ шыққанын түсінбей де қалған. Жарылысты көзбен көрген әйел ол сұмдықты әлі күнге дейін ұмыта алар емес.
«Ракка деген қалада болған кезде небір қуыстармен жүрдік. Сонда адамдардың бастары ілініп тұрды. Соны көріп қатты жыладым», – дейді әйел.
12 жастағы Жәнібек болса елге жалғыз оралды. 2 жылдай Сирияда болған жеткіншек әжесін қатты сағынған. Ойы сергек, дүниежүзі картасынан кез келген елді тауып береді. Алайда, жеткіншектің соғыстан әбден қорқып қалғаны көрініп тұр.
«Балалардың бойында әлі қорқыныш бар. Суреттерінің бәрін қарап шықтық. Ол жақта лагерде оқыдық деп айтты. Көбінесе арабша білім алған. Кейіннен Құран жаттатқан», – дейді психолог Несібелі Бағдыбаева.
Сириядан оралған 10 әйел мен 30 бала қазір Ақтаудағы бейімдеу орталығында тұрады. Әлеуметтік қызметкерлер мен писхологтар олармен күндіз-түні жұмыс істеуде. Мұнда жанға қажеттінің бәрі бар. Бүлдіршіндерге – балабақша, оқушыларға – мектеп. Барлығының денсаулығы ақ халаттылардың қатаң бақылауында. Өйткені, оралғандардың түгелінен дерлік вирустық инфекция табылған.
«Тұмауға қарсы препараттар тағайындадық. Аналарына, балаларына да тұмауға қарсы дәрумендер берілді. Қазір жағдайлары жақсы», – дейді дәрігер Әсия Сапарғалиева.
Қауіпсіздікті сезінген балалар қазір ойыншық ойнап, мәз-мейрам болуда. Ал ересектер Қазақстанның қадірін жете түсіндік дейді.
«Ұшақтан түскен кезде жылайтын да, күлетін де шама болған жоқ. Үйіме, туған жеріме қайтқаныма біразға дейін сене алмай жүрдім. Енді бір мүмкіндік береді деп ойлаймын. Мүмкіндік берсе балаларымды дұрыс тәрбиелеп, түзу жолға түскіміз келеді», – дейді Жанна.
Отанына оралғандар әлі бір ай орталықта болады. Қазіргі уақытта олардың құжаттары реттелуде. Алайда мамандар олардың қалыпқа келуі біраз уақытты алады деп отыр. Ал адасып, тура жолды қайта тапқандар енді жақындарымен кездескісі келеді.