13 өңірде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі өзгерді

23.06.2020 15:21

Бүгінде автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру онлайн режимде қолжетімді

pkzsk.info

Елімізде коронавирус жұқтырған азаматтар санының күрт артуына байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі қайта қысқарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бас санитарлық дәрігерлердің шешімі бойынша еліміздің 13 аймағында – Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі қысқартылды. Ал Шығыс Қазақстан облысында ХҚКО-ның жұмыс уақытына өзгеріс тек Семей қаласы бойынша енгізілді.

Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офис қызметкерлері банк операторлары, дәрігерлер мен полицейлер секілді азаматтармен тікелей байланыста жұмыс жасап жатыр. Бөлімдерде санитарлық-эпидемиологиялық, әлеуметтік қашықтық және бетперде режимдері қатаң сақталған. Алайда, қызмет алушылар өздерін жайсыз сезініп немесе сырқат белгілерін байқаса ХҚКО-ға барудан бас тартуға кеңес береміз. 

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында автокөлік иелерін мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға шақырамыз. Бүгінде автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру онлайн режимде қолжетімді.