Қазір бұл факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Атырауда 7 жастағы қыз бала ескерткіштің астында қалып, қайтыс болды. Оқиға қаладағы саябақтардың бірінде болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қайғылы жағдай кеше кешке болған. Аяқасты жаңбыр жауып, саябақта серуендеп жүрген отбасы жауыннан қорғану үшін ескерткішті паналаған. Әкесімен бірге бюст астына тығылған 2015 және 2017 жылғы балалардың үстінен түбі босап тұрған тонналық ескерткіш опырылып түсіпті. Соның салдарынан 7 жастағы қыз ауыр жарақат алып, көз жұмды. Ал әкесі мен ағасы бірден ауруханаға жеткізілген.
– Кеуде қуыс органдарының, іш құрылысы, жамбас жарақаты болды. Көп қан кеткен. Күрделі сынық салдарынан травматикалық шокпен ауыр жағдайда келді. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Күрделі жарақаттың болуына байланысты бала көз жұмды, – деді облыстық балалар ауруханасы басшысының орынбасары Ержан Есболаев.
Қазір адам өліміне әкеп соққан оқиғаға қатысты тергеу амалдары басталды. Сот-медициналық сараптамасы да тағайындалды.
– Қазіргі таңда куәгерлер мен ата-аналарынан қажетті тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, жауаптар алынуда. Оқиғаға қатысты қазір ҚР ҚК 306-бап, 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Нақты біреуді кінәлай алмаймыз. Экспертиза тағайындалды. Іс жүріп жатқан соң, ештеңе айта алмаймыз, – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Ал саябақтағы бұл ескерткіштер Жеңістің 75 жылдығында орнатылған. Кеңес Одағының батырлары мен халық қаһармандарына арнап қойылған 14 бюст қоладан құйылып, тұғыртасы граниттен жасалған. Ал аллеяның құрылысын жүргізуге облыс және қала әкімдіктері бастамашы болған.
– Оның салмағы өте ауыр. Қалай құлап кеткені белгісіз. Медициналық сараптамада анықталады. Сондай-ақ техникалық сараптама да тағайындалды, – деді қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Қазір әкімдік саябақтағы бюстерді қоршауға алған. Ал жауыннан тығыламыз деп ескерткіш астында қалған өзге 2 адам қазір дін-аман. Жағдайы тұрақты әке мен ұл дәрігерлердің бақылауынан босатылған.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қарағандыда ер адам кек алу үшін танысының көлігін өртеп жіберген