Алматыда кейбір жекеменшік үйлерге көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғылар тегін орнатылып жатыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Құрылғылар улы түтіннің көлемі артса бірден дабыл береді.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері алдымен қаладағы көмір жағатын жекеменшік үйлерді аралап тексеріп шығады. Аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлердің үйлеріне аталған құрылғы тегін орнатылады. Құрылғы пештің үстіңгі жағына қойылады. Егер бөлмедегі улы газ көлемі қалыпты мөлшерден асып кетсе, ол автоматты түрде дабыл қағады.
«Бұл қондырғының құрылымы өте қарапайым. Газ концентрациясы шамадан асып кеткен жағдайда ол дабыл қағып, тұрғындарға ескертеді. Жарамдылық уақыты шектелмеген. Тек үш айда бір рет қуаттағышын ауыстырып, айына бір рет тексеріп отыруымыз қажет», - дейді ҚР ІІМ ТЖК Алматы қаласы Бостандық ауданы төтенше жағдай бөлімінің аға инженері Ғалымжан Тимурұлы.
Датчиктерді орнату арқылы улану мен өрт оқиғаларының санын айтарлықтай азайтуға болады дейді мамандар. «Сақтықта қорлық жоқ» деген тұрғындар да құрылғылардың пайдалы екеніне сенімді. Сол тұрғындардың бірі – Ерлан Телеуов. Ол қазіргі үйінде 17 жылдан бері тұрып келеді. Осы уақыт аралығында ешқандай төтенше жағдай орын алмаған дейді ер азамат. Десе де, үлкен отбасының тыныштығы үшін отағасы аталған құрылғыны үйіне қойдырып алды.
«Қыс кезінде проблема болмас үшін жылына бір рет тазалап тұрамын мұржаны. Енді міне, келіп құрылғы қойып кетті. Халықтың жағдайын ойлап жатыр. Қалай қолдану керек екенін де үйретті», - дейді Ерлан ТЕЛЕУОВ.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жылу маусымына дейін қаладағы 8 мыңнан аса үйді аралап шыққан. Ал, жазатайым оқиға болған аймақтардағы 20 мыңнан астам үй бірнеше рет тексеріліпті. Төтеншеліктердің айтуынша, оқыс оқиғалардың көбісі пешті дұрыс жақпаудан болады екен.
Алматыда Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 15 қыркүйектен бастап 136 үйге аталған құрылғыны орнатқан. Қаладағы жекеменшік тұрғын үйлерде өрттің алдын алу жұмыстары жылыту маусымының аяғына дейін жалғаспақ.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы.