Жаңа жылдың басты кейіпкерлері - Аяз ата мен Ақшақар жолаушыларды алдағы мерекемен құттықтап, сыйлық табыстайды
Жаңа жыл қарсаңында брендтелген жаңа жылдық №7507/7508 электр пойызының алғашқы рейсі Астанадан Бурабай курортына жолға шықты. Бұл ҚР Туризм және спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бірлескен жобасы, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Туризм министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ерекше пойыз сыртынан да, ішінен де безендіріліп, жолаушылар үшін мерекелік көңіл күй сыйлайды.
Жаңа жылдың басты кейіпкерлері - Аяз ата мен Ақшақар жолаушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, сыйлық табыстайды. Олардың рөлінде - вагондардың жолсеріктері.
Мерекелік безендірілген құрам жаңажылдық демалыс маусымы аяқталғанға дейін жүреді.
«Екінші жыл қатарынан біз Жаңа жыл қарсаңында ҚТЖ-мен бірлесіп, брендтелген туристік пойыздарды іске қосып отырмыз. Мұндай пойыздар мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, туристерді де тартады», - деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Бұл ретте өткен жылы жаңажылдық электр пойызымен 16 мыңнан астам жолаушы тасымалданды.
Мерекелік құрам 28 желтоқсаннан бастап аптасына бес рет жүреді. Елордадан Бурабай курортына пойыз Нұрлы жол вокзалынан сағат 06:12-де жөнелтіледі. Сонымен қатар елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін пойызға Астана-1 вокзалынан да отырғызу қарастырылған. Бұл жерге экспресс таңғы сағат 06:37-де келіп, 07:00-де жүреді.
Туристік пойызды іске қосу аясында ҚР ПІБ «Бурабай даму» ЖШС ерекше рейстің кестесіне сәйкес қысқа тур қалыптастырды. Жаңажылдық мерекені жалғастыру мақсатында, Бурабайдағы Санта резиденциясына барып, Бурабайландта таңғажайып күн өткізу ұсынылады. Мұнда бұғы немесе ит жегілген арбамен, квадроциклмен, қарда жүретін көліктермен серуендеуге, атқа мінуге болады.
Соңғы жылдары Бурабай жыл мезгіліне қарамастан, жазда жағажай демалысын, күзде және көктемде сауықтыру туризмін, ал қыста керемет жаңажылдық атмосфераны ұсынатын тартымды демалыс орны ретінде танымал.
Осылайша, жаңажылдық туристік пойыз - аймаққа қосымша туристер ағынын тартатын әрі жергілікті туроператорлардың белсенділігін қамтамасыз ететін маусымдық жергілікті өнім.