2018 жылы Ресей мен Алматы арасындағы тауар айналымы 4,7 млрд. долларды құраған
Кеше Санкт-Петербург үкіметінің мүшесі – ұлтаралық қатынастар және көші-қон саясатын іске асыру комитетінің төрағасы Олег Капитанов бастаған ресейлік делегация мәдени-іскерлік миссиямен Алматыға келді. Делегацияны Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қабылдады, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі.
Ол Олег Капитановпен екі қала арасындағы қарым-қатынасты дамыту перспективаларын талқылады. Тараптар денсаулық сақтау, білім, туризм, мәдениет және ШОБ салаларында ынтымақтастықтың «Жол картасын» әзірлеуге келісті.
Сонымен қатар, делегация «Алматы-Санкт Петербург: жаңа мүмкіндіктер аумағы» конференциясына қатысты.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құттықтау сөзін сөйледі. Ол мәдени шараның Алматы мен Санкт-Петербург арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамытуға оң ықпал ететінін атап өтті.
«Қазақстан мен Ресей арасын мәңгілік достық пен бауырмалдықтың келісімшарты бойынша ежелгі тарихи айрықша байланыс біріктіреді. Мен біздің өзара қарым-қатынасымызды халықаралық қатынастардың үздік үлгісі ретінде бағалауға болады деп ойлаймын. Алматы мен Санкт-Петербург көршілік қарым-қатынасты нығайтуда үлкен рөл атқарады. Қос қала тарихи тұрғыда біріне-бірі ұқсас және шын мәнінде өз елдерінің мәдени және іскерлік орталықтары болып саналады. Айтар болсақ, Алматы мен Санкт-Петербург арасындағы бауырмалдық қатынасқа 20 жылдан астам уақыт өтті. Біз бүгін ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға жаңа серпін беретін боламыз», – деді конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Алматыдағы Ресей Федерациясының Бас консулы Евгений Бобров Е. Бабақұмаровтың сөздерімен толықтай келісті және Қазақстан мен Ресей бірлескен жұмысты одан әрі жандандырулары тиіс деп толықтырды.
«Мен жаңа ғана айтылған сөзді толық құптаймын, біздің екі мемлекетіміз тек стратегиялық одақтастар ғана емес, сонымен қатар тең тұрғыдағы серіктестер. Расында да біздің ортақ әрі өте бай тарихымыз бар. Біздің басты міндетіміз – ата-бабаларымыздан қалған барлық құндылықтарды сақтап қана қоймай, оларды байыту және өзара байланысымызды жақсарту», – деді Алматыдағы Ресей Федерациясының Бас консулы Евгений Бобров.
Ол өзінің сөзінде Алматы мен Санкт-Петербург арасында ұқсастықтың көп екенін, ал Ресей мен Алматы арасындағы ынтымақтастықтың өте тығыздығын атап өтті. 2018 жылы Ресей мен Алматы арасындағы тауар айналымы 4,7 млрд. долларды құраған.
Санкт-Петербург үкіметінің мүшесі – ұлтаралық қатынастар және көші-қон саясатын іске асыру комитетінің төрағасы Олег Капитанов Алматы мен Санкт-Петербургтың бірдей тұғырлы алаңда тұрғанын атап өтті.
«Біздің делегацияның құрамында мәдени қауымдастықтың, білімнің өкілдері, бизнесмендер бар. Алматыға Санкт-Петербургтың ең озық компаниялары келді, миссия тек мәдени-танымдық сипатқа ғана емес, сонымен қатар бизнесте, білім мен гуманитарлық жобаларда ұзақ мерзімді әрі екі жаққа да пайдалы шынайы практикалық байланыс орнату», – деп атап өтті О. Капитанов.
Санкт-Петербург миссиясының делегаттары Алматы әкімінің кәсіби басқармалары басшыларымен сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуетін, өзара байланыс пен мектеп жасына дейінгі, жалпы, қосымша және кәсіби білім беру жүйелеріндегі бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады. Бұдан өзге, күн тәртібіне гуманитарлық ынтымақтастықтың, соның ішінде мәдениет және туризм салаларындағы серіктестіктің әлеуетті мәселелері енгізілді.
Миссия аясында Санкт-Петербург туралы әдебиетті Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына салтанатты түрде тапсыру рәсімі және «Квинтет Четырех» музыкалық ұжымы мен Мариинск театрының солисі Леонид Захожаевтың мерекелік концерті өтті.