Қазақ киносының «Майқанова апайы» өмірден озды

06.11.2019 02:32

25 жасында Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Мүсіреповке күйеуге тиіп, екеуі сегіз жыл бірге тұрды

Бүгін шоқтығы биік тума талант, кино және театр актрисасы Раиса Мұхамедиярова 80 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің жары болған Раиса Мәжитқызы ақтық демі үзілгенше, өмірі мен өнеріне адал болып өткен дейді замандастары.

Көркіне көз тоймайтын, әртістік шеберлігімен талай режиссерді сөзсіз мойындатқан Раиса Мұхамедиярова 1939 жылдың 11 шілдесінде, Семей облысы, Көкпекті ауылында дүние келген. Әу баста мұғалімдікті меңгерген ол,  кейіннен «Менің атым Қожа» фильмінде мұғалім Майқанованың рөлін сомдап, өнерде бағы жанады. Әйтсе де, кино әлеміндегі жолын 1961 жылы шыққан "Песня зовет" фильмінде басты рөлді сомдаудан бастаған. Өнер иесі бас-аяғы 30 шақты фильмге түскен. Ал театрдағы өнері бір төбе еді дейді көзін көрген әріптестері.  

«Ол кісінің бойында бір ақсүйектік болатын. Бірнеше жылдан кейін қайтадан театрға жұмысқа келді. Сол кезде Әмина Өмірзақованың 80 жылдығына арнап «Ділдәнің зары» деген спектакль қойдық. Мен Дәлдәнің жас кезін ойнадым, Рая апаның жасы 60-қа жақындап қалса да, ол кісіге Әйгерімнің рөлін берді. Ойлаңыздаршы, сол кезде Әйгерімнің рөлін ойнауы оның бойында әлі әдеміліктің бар екенін, махаббат сезімдерін жеткізе алатындығын білдіреді ғой, біз соның бәріне  қызыға қарайтынбыз», - дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Шолпан СІРГЕБАЕВА.

Раиса Мәжитқызы, «И в шутку и всерьëз», «Однажды и на всю жизнь» және «Человек-олень», «Найзатас етегінде», «Қанабек», «Айсұлу туралы ертегі», «Желкен», «Менің әпкем», «Түнек әміршісі», «Әлсіз жүрек», «Астана ¬– любовь моя»  фильмдерінде де ойнаған. 1995-2002 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында жұмыс істеді. 1960 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмнің»  штаттағы актрисасы болды. Қай жерде жүрсе де, жанындағы жандарға жылулық сыйлап, үлкен менен кішіге зор ілтипат көрсете білген дейді көзін көргендер.

«Ұлық болсаң кішік бол дейді ғой. Ол кісі сондай болатын. Өзінің керемет сөзі бар болатын: «Райхан құдай береді, бірақ құдай асықпайды» деген.  Ол сөзімен мені сабырлыққа шақыратын.  Рекеңнің бұл асыл сөздері менің жанымда. Ешуақытта ұмытпаймын. Рекеңнің туған-туыстарына, қыздары Гаухар мен Гүлнәрға көңіл айтамын. Рекеңнің жаны Жаннатта болсын, иманы саламат болсын», - дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Райхан ҚАЛИОЛДИНА.

Өнер иесі 1964 жылы 25 жасында алпысты алқымдаған жазушы Ғабит Мүсіреповке тұрмысқа шығады. Сегіз жыл бір шаңырақтың астында тұрған олардың Гүлнәр мен Гаухар есімді қос қызы бар. Махабатына адал болғаны соншалық, жас болса да, ешкімді қайта сүйе алмай, бас қоспаған екен. Естеліктерінде, үнемі Ғабең келіп қалар деген үмітпен жүргенін, өмірінің ең сәулелі сәттері жары Ғабит Мүсіреповпен бірге өткенін де е өзі айтқан еді. Ақтық демі үзілгенш өзі сүйген ерінің ұрпағына алаңдап өткен ана.

«Өз бойына жетерліктей қиындығы болды. Ол – Ғабеңнің кеткені. Екі қызы, немерелері болды. Сол немерелеріне қарап, сабағын оқытып, шығармаларын жазып, содан ләззат алатын. Мен өнерден кетсем де, немерелеріме керекпін деп соған қуанатын», - деді  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Шолпан СІРГЕБАЕВА.

Раиса Мұхамедиярова бүгін таңертең 80 жасында қайтыс болды. Актрисаны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 7 қарашада Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында өтеді.