Бүгін – қазақ әдебиетінің күні. Бүгін – қазақтың үш бірдей заңғар жазушысы, журналист-публицисі туған күн. Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей. Атының өзі алып боп асқақтаған азаматтардың мұрасы әлі де әдебиет әлемінде биік, бөлек. Ал тұлғалары жұрт жадында, еңбектері ел есінде, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Иә, олар елдік пен руханият жолында еңбек етті. Қалам ұшымен ғана қызмет қылған жоқ, жазуда ғана жүйрік болмады. Абай арқылы қазақты танытқан Әуезов те, ел журналистерінің ұлы ұстазына айналған Шераға да, Алтайдың кербұғысындай асқақ Оралхан да жеке таныстыруды қажет етпейтін, көптің жадынан кетпейтін тұлғалы азаматтар. Үш заңғар жазушының бір күнде тууы да отандық әдебиет үшін айтулы күн, айрықша мереке. Бұл күн ұлт пен ұлы Абайды әйгілеген Әуезовтен бастау алады.
«Абай жолы» эпопеясы туралы академик Қаныш Имантайұлы Сәтпаев: «Абай жолы» романы – қазақтың 18 ғасырындағы қазақ халқының энциклопедиясы» деген баға берген. Шын мәнінде, мұнда қазақтың салт-дәстүрі де, тұрмысы да, қазақтың өмір сүру салты да, барлығы қамтылған», – деді ақын, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.
Мұхтар Омарханұлының ізімен қазақ әдебиетінде жарық көрген тың туынды, айрықша шығарма аз болған жоқ. Жазушылықпен қатар, журналистиканы, публицистиканы қатар қамтығандардың төбе биігінде болмыс-білігі бөлек Шерхан Мұртаза тұр. Оның таңды таңға жалғап айтуға тұратын тұлғасы тұтас бір буынды қалыптастырған. Редакторлығының өзі бір төбе азаматтың тәрбиесін көргендер қазір «Шер-ағаның шекпенінен шыққан» бір-бір қайраткерге айналды.
«Бәлкім, жазушы болуымызға бір-біріміздің әсеріміз тиген шығар. Ең алдымызда Шерхан ағамыз бар, әрқайсымызды бақылап, жазғанымыздың бәрін көріп, біліп, бағасын беріп отыратын еді», – дейді журналист, жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы.
«Шерағаның мектебі бәріне белгілі. Шерағаңда ешқашан қорқу, үрку деген болмайтын. Әрдайым шиыршық атып, шамырқанып отыратын. Шерағаның өзім білетін қасиеті – ешқашан қоңыраумен, телефонмен, біреудің айтуымен қызметке адам алмайтын», – дейді журналист Қали Сәрсенбай.
Иә, Шераға жастардың жазуын жақсы көрді, лайық баға берді, оқып, ортаға қосты. Редактор ретінде оның қамқорлығы тимеген журналист аз. Сондай ағаның алақан жылуын, басшының бағдарын көргендердің қатарында өзі де бір биікке айналған Оралхан Бөкей тұр. Шерағаның мерейтойында оның «Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінемін бе екен?» дегені сол бауырлықтың, жанашырлық пен құрметтің белгісіндей боп қалды.
«Алтайдың кербұғысы» деп жұрттың бәрі айтып жүргендей, Орекең қайтыс болғанда, басындағы жазған сөзді мен өзінің шығармасынан алып жаздырдым. «Кербұғы тіпті де өлген жоқ, ол өзінің бостандығын аңсап, азаттыққа шықты» деген сөз бар бір шығармасында. Алтайдың Кербұғысындай нағыз Кербұғы болатын», – дейді Кәдірбек Сегізбайұлы.
Кербұғы өлген жоқ. Шераға да өз болмысындай, шығармасымен биіктей береді. Ал әдебиет дегенде әу баста аты аталатын Әуезовтің орны тіптен бөлек. Олар заманында заңғар биігіне жетті. Уақыт өткен сайын бұл биік тек аспандай бермек.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы