Инфекция ошағын жоя отырып және дезинфекция жүргізе отырып, оқшаулау және жою шаралары жүргізіліп жатыр
Патогенді құс тұмауынан 873,9 мың құс қырылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«2005 жылдан бері саламатты болып келе жатқан республикада құс тұмауы тіркелді. 2020 жылғы 22 қыркүйектен 19 қазанға дейінгі кезеңде құстардың өлім-жітімі тіркелді. Оның ішінде 7 облыста жоғары патогенді құс тұмауына күдік немесе расталған жағдайлар орын алды. Жеке аулаларда 26,5 мың құс, 3 құс фермасында 847,4 бас қырылды. Осылайша, жоғары патогенді құс тұмауынан барлығы 873,9 мың құс қырылып, бұл жалпы құстардың 1,9 пайызын құрады»,– деді министр Үкімет отырысында.
Құстардың өлім-жітімі басталған сәттен бастап министрлік жанынан және өңірлерде Жедел штаб құрылды, штабтардың отырыстары күнделікті өткізілуде. Инфекцияның әр ошағы карантинге қойылып, құстарды және құс шаруашылығы өнімін әкелуге немесе әкетуге тыйым салынды. Инфекция ошағын жоя отырып және дезинфекция жүргізе отырып, оқшаулау және жою шаралары жүргізіліп жатыр.
«Буферлік аймақ құру үшін жабайы құстардың ұшып келу жолында үй құстарын мәжбүрлеп вакциналау үшін ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан 4,4 млн доза көлемінде құс тұмауына қарсы вакцина бөлінді. Бүгінде жеті облыстағы жеке аулаларда құстардың өлім-жітімі тоқтатылды, 3 құс фермасында құстардың қырылуы азайды. Ауру құстарды жою және олардың иелеріне құнын өтеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр»,– деді С. Омаров.
Оның сөзіне қарағанда, эпизоотиялық ахуал Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстар әкімдіктерінің тұрақты бақылауында.