Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтады

23.06.2021 15:35

Біз кәсіби және тиімді мемлекеттік аппарат құрып жатырмыз

Фото: Akorda.kz

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президенттің құттықтауы Twitter парақшасында жарияланды.

«Бүгін мемлекеттік қызметші күні. Еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет ететін азаматтарды осы мерекемен құттықтаймын! Біз кәсіби және тиімді мемлекеттік аппарат құрып жатырмыз. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыруға сіздердің әрқайсыңыз үлес қосады деп сенемін», – деп жазды Қ. Тоқаев.

23 маусым – мемлекеттік қызметші күні. Бұл күн 2014 жылдан бері елімізде атап өтіледі.

Бұл атаулы күннің тарихы ХХІ ғасырдан бастау алады. 2003 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған қарар қабылдаған болатын. Араға 10 жыл салып, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2013 жылы 23 маусым бізде де мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. 2014 жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер күні атап өтіле бастады. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 96 910.