Шетелден келген ескі көліктің жылын жаңалап тіркемек болғандар тергеліп жатыр

13.03.2024 14:35

Алдын ала есеп бойынша бюджетке 14 млрд теңгеге залал келтірілген

Almaty TV

Қазақстанға шетелден ескі көліктерді жаңа деп әкелгендердің кесірінен қазынаға 14 миллиард теңге залал келді. Қаржы мониторингі агенттігінің ақпарына сай, пысықайлар елге кіргізілген жүк көліктері мен автобустардың шығарылған жылын заңсыз ауыстырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алаяқтар тіпті, Егов порталы арқылы жалған құжаттарды пайдалана отырып, өздері әкелген темір тұлпарларды ресми диллерлен алдық деп көрсетіп, онлайн өтініш берген. Қазір бұл іске халыққа қызмет көрсету орталықтарының 59 лауазымды тұлғасы мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің қатысы бар жоғы анықталып жатыр.

– Контрабандалық жолмен әкелінген көлік құралдарына құжаттардың барлық пакетін қолдан жасау арқылы тіркелген. Қаржы мониторингі агенттігі жүргізген талдау көлік құралдарын алғашқы тіркеуді Арнайы халыққа қызмет көрсету орталық қызметкерлері интеграцияланған ақпараттық жүйеге авто санаты туралы дәйексіз деректерді «қолдан» енгізу арқылы жасағанын көрсетті, – деді ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, заңнамалық деңгейде өзгерістер мен толықтырулар енгізбекші. Осы арқылы жауаптылар жаңағыдай ақпараттық жүйелерді айналып өту, деректерді қолдан енгізу сынды алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қойылады.

Оқи отырыңыз: Алматыда 2024 жылы «Инватакси» қызметтерін пайдаланушылар саны артты