Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы ынтымақтастықты нығайтады

25.05.2020 15:35

Кездесу барысында Агенттік Төрағасы қонақты іске асырылып жатқан реформалармен, ведомствоның жұмысымен және негізгі нәтижелерімен таныстырды

@antikornews

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы ынтымақтастықты нығайтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі ресми дереккөзге сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында Төраға Алик Шпекбаевтың БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (бұдан әрі - ЕҚБ) ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Орталық Азия елдеріндегі кеңесшісі Александр Водяноймен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Агенттік Төрағасы қонақты іске асырылып жатқан реформалармен, ведомствоның жұмысымен және негізгі нәтижелерімен таныстырды.

Өз кезегінде, кеңесші БҰҰ ЕҚБ-ның Орталық Азиядағы құқықтық жүйені, сыбайлас жемқорлыққа және қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі саясат пен ұлттық стратегияны нығайту бойынша қызметі жайлы айтып берді.

«Агенттік мамандарының жоғары деңгейдегі құзіретімен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін шешудегі кешенді тәсілімен ерекшеленеді», – деп атап өтті А.Водяной.

Сондай-ақ, ол елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудағы тәсілдеріне оң баға берді. Халықаралық стандарттар мен озық тәжірибелерге сәйкес келетін алдын алу шараларының басымдығы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелеріне қоғамды жұмылдыруға назар аударды.

Кездесуге қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ұжымдық күш-жігер қабылдаудың маңыздылығын атап өтіп, алдағы өзара әрекеттестік бойынша нақты қадамдарды анықтады.