Еліміздің батыс өңірі айналдырған бес-алты жылда шөл далаға айналуы мүмкін.
Әсіресе, Ақтөбе мен Атырау облыстарының тамшы суға зар болатын түрі бар. Осылай деп дабыл қаққан экологтар үндеу жариялады. Өйткені өзен-көлдерді тазартуға арналған жобалар құрдымға кетіп, жер астындағы ауыз суды мұнай компаниялары былғап болған. Ал жобаны жүзеге асырушылар экологияның нашарлауына тұрғындар кінәлайды, деп хабарлады ktk.kz.
Табаны тартылған өзен. Жағасындағы қураған ағаш. Бұл Ақтөбе айналасындағы сегіз өзеннің қазіргі көрінісі. Экологтар бұған алдымен өзен арнасын тазартуға кіріскендерді кінәлайды. Су қоймасынан ылғал жіберіп қанша жерден арнасын толтырмақ болса да, өзен табанындағы бұлақ көздерінің бітелуінен су жиналмайды екен.
«Ол судың астында бұлақ болуы керек, көздері жабылып қалып тұр. Қазір енді көп жер батпаққа айналып кетті. Оның бәрі өсімдік тамырына әсер етеді. Яғни эко жүйе бұзылған», - дейді эколог-ғалым Үмбетәлі Сәрсенбин.
Сегіз өзенді тазартуға қатысты жобаны әзірлеген инженерлер болса өздеріне шаң жуытпайды. Өзен арнасының кеуіп қалғанын керісінше тұрғындардан көріп отыр.
«Көпшілік бізді экологиялық апатқа алып келді деп айыптап отыр. Оған еш негіз жоқ. Жобаны әзірлеуге білгір мамандар, ғалымдар тартылды. Өзендердің құруына тұрғындар кінәлі. Біз сегіз өзеннің бойынан құрылыс материалдарынан бастап, қоқыстың түр-түрін таптық. Тазарттық», - дейді «Антарес Платениум» ЖШС бас инженері Еркен Тәжіғалиев.
Экологтар айналдырған бес-алты жылда қала іргесіндегі сегіз өзеннен басқа, аймақта барлық сулы жердің кеуіп қалатынын айтуда. Тіпті ішерге нәр таба алмай тентіреп кетеміз деп дабыл қағады. Себебі, еліміздің батыс аймағын тіршілік нәрімен қамтып отырған «Көкжиде»жер асты су бассейнінің өзі мұнаймен былғанған.
«Ақтөбе мен Атырау өңірлері шөл далаға айналады. Судың деңгейі түсіп кетті. Су қоры тым аз. Мұнай компаниялары жерасты суларының түгін қалдырмады. Қоры бай «Көкжиденің» өзі бүлініп жатыр», - деп дабыл қақты эколог Марина Цыганкова.
Экологтар жиналып кеңес құрып, үндеулерін де жариялады. Онда Ақтөбе өңіріндегі суға қатысты мәселінің бәрін тізіп жазыпты. Алдымен өзен-көл табанындағы бұлақ көздерін бітеуді тоқтатуды сұраған. Ал еліміздің батыс аймағын ауыз сумен қамти алатын «Көкжидеге» мұнай компанияларын жолатпауды биліктегілерден талап етіпті.