Қазақстандағы бірыңғай тұрғын үй бағдарламасының ипотекалық мөлшерлемесі 2 пайыз болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv
Оның атап өтуінше, баспана жағдайын жақсартуға зейнетақы жинақтарын пайдалану туралы қағидаларға өзгерістер енгізіледі. Соған сәйкес зейнетақы жинақтарының жеткілікті шегінен асатын бөлігін үй сатып алу үшін «Отбасы банкінің» шотына аударуға мүмкіндік беріледі.
«Үй кезегінде тұрған азаматтарға «Отбасы» банкінің ипотекалық бағдарламалары бойынша бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10 пайызына дейін төмендетіледі. Отбасы табысына байланысты жеңілдікті несиелендіру бойынша мөлшерлеме жылдық 2 пайыз және 5 пайыз болады. Құрылыс салушыларды қолдау мақсатында мемлекеттік- жекеменшік әріптестік және үлестік құрылыс әлеуетін пайдаланып, жобалық қаржыландыру тетігі енгізіледі», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.
Ал, Сауда және интеграция министрлігі Президент тапсырмасына сәйкес азық-түлік өнімдері бағасын бақылау функциясын өзіне алмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болса, азаматтық қызметшілердің жекелеген санатының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру үшін Үкімет қаулысының жобасын әзірлейді.
«Бұлар архивариустар, кітапханашылар, музей қызметкерлері, тағы да басқалар 4 жыл ішінде жалақысын екі есеге кезең-кезеңімен арттыру бойынша Үкімет қаулысының жобасы әзірленетін болады. Нәтижесінде 2022 жылдан бастап олардың жалақысы орташа есеппен жыл сайын 20 пайызға артып, 2025 жылға қарай екі есеге ұлғаяды. Ең төменгі жалақы келесі жылдан бастап 49 мыңнан 60 мың теңгеге дейін немесе 22 пайызға өседі», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.