Әйелімді ұстап алдым: 8 наурызда болған оқиға

12.03.2024 03:16

Ер адам «құрбысының үйіне кеткен» әйелімен бетпе-бет кездесіп қалған

elements.envato.com

«8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні» - барша нәзік жандылар ер азаматтардың ерекше назарына, ықылас-махаббатына бөленетін мереке. Жігіттер жағы бұл күні анасын, әпке-қарындастарын, жеңгелерін, құрбыларын және өзінің сүйіктісін құттықтап, сый-құрметін аямайды. Бірақ, дәл осы күні жыл сайын сыйлық алатын жігіттер де болады. Олар - 8 наурызда дүниеге келген ер азаматтар, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Әлеуметтік желі арқылы 8 наурызда өмірге келген жігіттерге сұрау салғанбыз. Ондағы ойымыз олардың бастан кешкен қызықты хикаяларын жазып алып, оқырмандарымызбен бөлісу еді. Айналасы бірер күн ішінде Фейсбукте жазылған посттың астына бір топ адам пікір қалдырып, өздерінің осы күні туған таныстары туралы деректер қалдырды. Біз солардың біразымен хабарласып, әйелдер күнінде туған күн тойлайтын жандардың қызықты хикаяларын жинадық. Әрине, әркімнің басынан елді елең еткізер оқиға өте бермейді, екіншіден, екінің бірі өзінің басынан кешкендерді жалпақ жұртқа жайғысы келмейді. Сондықтан біз респонденттеріміздің ішінен қызықты деп тапқан үшеуінің ғана хикаясын іріктеп алдық.

 «Біз қыздарға, қыздар маған сыйлық жасады»

8 наурызда туған әуелгі кейіпкеріміз - Алматы облысында тұратын Айбын есімді жігіт сыныптас қыздарының ерекше сыйын еске алды. Мектептің 11-сыныбына көшер жылы ата-анасы оны ауылдағы ағасының қолына жіберген. Ондағы бар ойлары ұлдары ҰБТ сынынан ойдағыдай ұпай жинай алмай қалса, ауыл квотасының бір көмегі тиер дегені екен. Жаңа сынып жылы қарсы алған ол аз уақытта бәріне бауыр басып, бойы үйренісіп кетеді. Өнерге аздаған бейімі болған соң да, сыныптас қыздардың ерекше ықыласына бөленеді. Ал ауыл балалары арасынан әлі күнге дейін арасынан қыл өтпей келе жатқан айнымас дос табады. Бірақ бұлар сауық-сайран құратын уақыт аз болады, себебі әр тоқсан сайын алдын ала сынақ тапсырып, ҰБТ-ға дайындығын шыңдай түседі. Осылай қарбаласып жүргенде көктемнің алғашқы айы да туады.

Мектептің соңғы сыныбы өмірде ерекше есте қалатын кез ғой. Осыны ескеріп, олар сыныптас құрбыларына жай ғана сыйлық сыйлап қоймай, дастархан жайып, сауық кешін ұйымдастырмақ болады. Бірақ бұл кеште кейіпкеріміз қыздарды ғана емес, өзін де «қайталанбас сыйлық» күтіп тұрғанын білмеген еді.

Сауық кеші. Пейілі даладай, көңілі баладай аңқылдаған ауыл жастары. Домбыра тартылып, гитара үні мектептің соңғы көктемін қарсы алып отырған бозбала мен бойжеткеннің жүрегін ерекше күйге бөлеп, сазымен жанды балқытады. Сәлден соң жігіттердің бірі тұрып, қыздарға сыйлық беру басталатынын, қыздардан орындарынан тұруды сұраған. Дайындап қойған сыйлықтарын жігіттердің атынан Айбын тапсырып, соңынан бір ән тарту етуі тиіс болған. Рәсім жасалып бола бергенде қыздар да құралақан келмегенін, олардың да сыйлығы барын айтқан. Жігіттер аң-таң болады. Сөйтсе олар сол сәтке дейін оның туған күні 8 наурызда екенін білмеген екен. Сыйлықтың ерекшелігі сол - қыздар қырдан теріп әкелген ақ, қызыл, сары гүлдерді өріп, сегіз санын жасапты. Сол «гүл сегізді» Айбынның мойнына әкеліп таққан. Естелік суретке түскен. Артынан «Абай жолының» төрт томдығын тарту еткен. 

«Одан бері достарым да, туыс-туған, жолдас-әріптестерім де туған күнімде талай сыйлық жасап келеді, бірақ «гүл сегіз» бен төрт томдықтың орны ерекше», - дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

Әйелімді «ұстап алдым»

Екі баланың әкесі Серік есімді кейіпкеріміз Ақмола облысында Бурабай ауданында тұрады. Ол да 8 наурызда өмірге келген. 2006 жылы көктем туа шаңырақ көтерген ол әйелдер мерекесі қарсаңында әке болатыны туралы қуанышты жаңалық естиді. Бақыттан басы айналып жүрген ағамыз осы сәтте әйеліне алтыннан алқа тағып, қуанышты жаңалықты достарымен бірге атап өтпек болады.

7 наурыз күні кешке достары да келетін болып уағдаласады. Дәл осы дастархан басында жарының мойнына жалт-жұлт еткен алтын алқа тағылуы тиіс болады.

Қонақ келетін күні жұбайы аяқастынан бір шаруасы шыққанын айтып, екі-үш сағатта келемін деп, құрбысының үйіне кетіп қалады. Әуелде жаңа қосылған жарының жалғыз кеткелі отырғанына, көлікпен апарып тастайын дегеніне көнбей қойғанына көңілі алаң болған ол ақыры отбасылық өмірдің негізгі тірегінің бірі - сенім, сенім болғанда да кәміл сенім екенін көңіліне медеу етіп, рұқсатын береді.

Әйелі шығысымен тетелес әпкесін ертіп, алдын ала келісіп қойған алқаны алуға бұл да аттанады. Аудан орталығындағы сауда орталығынан өзі таңдаған алқаның әпкесіне де ұнағанына қуана-қуана оны сатып алып, бутиктен шыға бергенде «құрбысының үйіне кеткен» әйелімен бетпе-бет кездесіп қалған. Сөйтсе, ол да күйеуінің туған күнін елеусіз қалдырмаудың қамымен осында келген екен. Осылай екеуінің де тосын сыйы мүлде «тосын» болмай қалады.

- Сонда деймін-ау, алақандай аудан орталығында бетке ұстар бір ғана сауда орталығы бары, оның өзі шап-шағын екені, кездесіп қалуымыз әбден мүмкін екені екеуіміздің де ойымызда болмапты, аңқаулық қой, - дейді кейіпкеріміз күліп.

Төрт жыл бойы туған күнімде қыздармен бірге сыйақы алып тұрдым

Райхан Мұратханұлы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде ұстаз. Математика пәнінен сабақ береді. Туған күнінің емес, есімінің «ерекшелігінен» бұл жігіт пайда көрген кезі де болыпты.

Құжат бойынша аты-жөні «Райхан Мұратхан» деп жазылған оны бухгалтерия бөліміндегі мамандар әлдебір себептермен әйел адам деп ойлап қалған. Расында, «Райхан» есімі көбіне қыздарға қойылатыны жасырын емес. Сондықтан оған 4 жыл бойы 8 наурызда әйелдермен бірге сыйақы түсіп тұрған.

- Жұмысқа орналасқан алғашқы жылдар еді, жаспыз, басшылыққа, кадр бөліміне себепсіз бара бермейміз, сондықтан да мені дұрыс танымаған көрінеді, - дейді ол оқиғаның мән-жайын түсіндіріп.

Ал оның есімі неге «Райхан» деп қойылды деген сұраққа келер болсақ. Бірінші себеп: Райханның әкесі де математик екен, ол баласына Әбу Райхан әл-Бируни деген атақты ойшылдың есімін ырымдап қойған. Екіншіден, оның алдындағы төрт бала да ұл екен. Бесінші баласы да ұл болған соң әке-шешесі бұның артынан қыз тусын деп те ырымдаған көрінеді. Есімінің «Райхан» болуының осындай да себебі бар екен.

«Кейін сіздің ер адам екеніңізді білген соң сыйақының ақшасын қайтарып алған жоқ па?» - деген сұрағымызға ол күле: «Сіздер менің туған күніме сыйақы беріп жүр екен деп ойладым деп едім, есепшілер ду күлді де, ештеңе сұрамастан қоя берді», - деп жауап берді.

Ескерту: Әуелгі екі кейіпкер қазіргі қызметіне және басқа да себептерге байланысты тегін, басқа да деректерді ашып көрсетпеуді сұрады.

Оқи отырыңыз: Ерлерге кеңес: 8 наурызда қандай сыйлық беруге болады